21 қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz Голос Америки порталына сілтеме жасап.
Байден өз сөзінде Ресей Украинаға басып кіріп БҰҰ мүшелігінің негізгі қағидаларын бұзды деп айыптап отыр.
«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесінің қатарындағы ел егеменді мемлекетті картадан өшірмек болып, басып кірді. Ресей БҰҰ жарғысының негізгі ережелерін бұзды. Сондай-ақ Путин өз сөзінде ядролық қару қолдану жөнінде ашық қоқан-лоққы көрсетті. Ал, ядролық соғысты жеңу мүмкін емес», деді АҚШ президенті.
Байден Кремльдің Украинаның кейбір бөліктерін аннексиялау үшін жалған референдум ұйымдастырып жатқанын, бұл БҰҰ жарғысын бұзу болып саналатынын атап өтті. Ал, Путин «Ресейге қауіп төнді» деп ақталып отырғанын сөз етті. АҚШ президенті мұның шындыққа жанаспайтынына баса назар аударды.
«Ресейді ешкім қорқытқан жоқ, Ресейден басқа ешкім жанжал іздеген жоқ. Шын мәнінде, біз бұлай болатынын ескерткен едік», деді Байден.
Байден бұл соғыстың аяқталуын қалайтынын да атап өтті. Сондай-ақ егеменді мемлекеттердің аумағын күшпен тартып алуға ешкімнің құқығы жоқ екенін еске салды.
Ақ үй басшысының айтуынша, АҚШ одақтастармен және серіктестермен бірігіп Ресейді жауыздық пен әскери қылмыстары үшін жауапқа тартуға барлығын жасап жатыр.
«Ресей азық-түлік дағдарысын әлемнің көптеген елдерінің Украинаға агрессия жасағаны үшін салған санкцияларымен байланыстыруға тырысуда. Енді бір нәрсені түсіндірейін. Біздің санкцияларымыз Ресейге азық-түлік пен тыңайтқыштарды шектеусіз экспорттауға тікелей мүмкіндік береді. Бұл соғыс Ресейдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр және мұны тек Ресей ғана тоқтата алады», деді ол.
Байден Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше әрбір ел Украинаның кез келген егемен мемлекет сияқты құқықтарына ие болуын қатаң әрі дәйекті түрде талап ету керектігін атап өтті.