Алдағы президент сайлауы – конституциялық реформаның заңды жалғасы. Ата Заңымыздың шамамен үштен бірі жаңартылды. Осылайша Президент жариялаған саяси трансформацияны жүзеге асыру басталды. Сондықтан бұл саяси институттарды қайта іске қосу үшін кезектен тыс президент, парламент және мәслихат сайлауын өткізу қажет.
Екінші жағынан, күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан қоғамына ел дамуының нақты стратегиялық бағытын көрсету керек. Бұл тұрғыда сайлаудың маңызы ерекше. Біріншіден, сайлау Қазақстан халқын, азаматтық қоғамды демократиялық қайта құру идеясының төңірегінде біріктіреді. Кәмелетке толған әрбір азамат үшін сайлау – саясатты қалыптастыруға қатысу құқығын жүзеге асыру, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымды көрсету мүмкіндігі.
Екіншіден, саяси бірлестіктер мен олардың жетекшілері ұлттық ауқымда елдің дамуы туралы өз көзқарасын ұсынуға, барша халықтың өмірін жақсартудың идеялары мен тетіктерін талқылауға мүмкіндік алады. Белсенді қоғамдық бірлестіктерге стандартты емес тұжырымдамаларды, жаңа тәсілдер мен шешімдер ұсынудың сәті келді.
Сайып келгенде, дәл қазір сайлау бізге Әділетті Қазақстанды құру жолында саяси институттар мен рәсімдерді демократиялық түрлендірудің бағытын белгілеуге жол ашып отыр. Негізгі саяси институттар апробациядан сайлау арқылы өтеді.
Осылайша, алдағы сайлау саяси реформаларды дәйекті жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар қазіргі күрделі тарихи кезеңде қоғамды топтастыру және билік институттарының беделін жаңарту мүмкіндігіне айналып отыр.
Гүлмира ТҰҚАНОВА,
Президент жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері