Тәртіп орнықты
Таиландтың премьер-министрі Абхисит Ветчачива елде әскерилердің күшімен тәртіп орнатылғанын ресми түрде мәлімдеді. Оппозицияның ұйымдастыруымен екі жарым айдай қарсылық әрекеттерінен адам құрбандығы болып, жалпы ел экономикасына айтарлықтай нұқсан келген еді. Үкіметтің келісімге шақырған ұсыныстарына оппозиция басшылары орындалмайтын талаптармен жауап берді. Енді тәртіп орныққан соң да үкімет елді бөлген қайшылықты шешудің жолын іздестірмек болып отыр.
Иран мен уран
Қазір бұл екі ұғым қатар аталады. Иранның уранды жоғары деңгейде байытқанына әлем қарсы. Өйткені, одан қарулы уран алынуы мүмкін. Ғылымға, басқаға керек болса, жұрттың көз алдында байытылған уранды басқалардан ал дейді. Сөйтіп, бұл ел байытылған уранды Бразилия мен Түркиядан алуға келісім жасасты. Яғни, өзінің мың жарым тоннадай уранын жоғары байытылған жүз килодан астам уранға айырбастай алады. Айырбастау түрік жерінде өтпек.
Жығылғанға — жұдырық
Қорғаныс мақсатында бүлініп жатқан Қырғызстанмен арадағы шекараны күшейткен мақұл шығар, бірақ онсыз да қиналып жатқан елге экономикалық қысым жасау артық екені даусыз. Өзбекстан Қырғызстанның оңтүстік өңіріне табиғи газ беруді күрт қысқартты. Бұрын бір сағатта 2,5 мың текше метр газ беріп келсе, енді 800 текше метр ғана босатады. Рас, қырғыздардың өзбектерге қарызы да айтарлықтай – 1,6 миллиард доллар.
Марсельдегі мешіт
Талай рет жоспарланып, тіпті парламентте де талқыланып, бүгінге дейін жүзеге аспаған Марсель қаласындағы мешіт 2012 жылы пайдалануға беріледі. Және ол бүкіл Франциядағы ең үлкен мешіт болмақ. Онда бір мезгілде 7 мың адам намаз оқиды. Және онда медресе, кітапхана, мейрамхана болмақ. Ал жалпы Францияда бес миллиондай мұсылман болса, соның 250 мыңдайы Марсельде тұрады.
Белбеуді қысқан жөн
Бюджет тапшылығы Еуропаның көп елін қысып тұр. Испания үкіметі сол тапшылықты ішкі жалпы өнімнің 11 пайызы көлемінен 6 пайызы көлеміне дейін қысқарту мақсатында қатаң шаралар белгілеп, жүзеге асыра бастады. Бұл шаралар 15 миллиард еуро көлемінде үнем жасауға жеткізбек. Бұл үшін биылдың өзінде бюджеттегілердің жалақысы 5 пайызға кеміп, 13 мың бюджеттегі қызметкер жұмыстан босайды.
Хрущевтің даңғазасы секілді
Корея Халық-Демократиялық Республикасының көсемі Ким Чен Ир халықтың алдына картопты көп өндіру міндетін қойды. Расында да бұл – өте түсімді дақыл. Ашқұрсақ елге керек-ақ. Елде картопты көп өсіру жөнінде үлкен насихат жүргізіліп жатыр. Бұл өзі кезінде КСРО көсемі Никита Хрущевтің жүгеріні көп өсіру туралы даңғазасына өте ұқсас көрінеді.
Ұрлықта да рекорд бар
Париждегі Қазіргі өнер музейінен құны 90-100 миллион еуро тұратын картиналар ұрланды. Павло Пикассо, Анри Матисса сияқты атақты суретшілердің шығармалары қолды болыпты. Біраз адамды сол шығармалардың өнерлік құндылығынан гөрі ақшалай құндылығы көбірек ойландыратын көрінеді. Алғашында ұрланған шығармалар құны 500 миллион еуро деп, ол рекорд саналса, шын мәнінде ол 100 миллион көлемінде болып, 1990 жылы музейден ұрланған картиналардың бағасына жетпей қалыпты. Біреулер рекорд болмай қалды деп, оған өкінетін сияқты.
Қарақшыларға өлім жазасы
Йемен соты алты сомалилік қарақшыны өлім жазасына, тағы алтауын он жылға соттады. Қарақшылар өткен жылы Йеменнің танкерін басып алып, кеме командасының екі мүшесін өлтірген болатын. Жаза қатал, бірақ әділетті деп қабылданды. Өткен жылы сомалилік қарақшылар тек Аден шығанағы мен Араб теңізінде 217 рет кемелерге қарулы шабуыл жасапты.
Қарын — есірткі қоймасы
Лагос әуежайында Германияға ұшпақ болған 52 жастағы нигериялық саясаткер Эме Зуру Айортор ұсталды. Оның қарнынан екі кило кокаин табылыпты. Ол 100 грамдық пакеттерге салынған екен, яғни 20 пакет! Ұсталғанда айтқан уәжі: 2007 жылғы сайлауда көп шығынданыпты, енді 2011 жылғы сайлауға да қаржы керек. Соған ақша жасамақ болыпты.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.