Бүгін, қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде машина жасау күні аталып өтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кәсіби мереке алғаш рет 1981 жылы КСРО кезінде тойланған. Кеңес одағы тарағаннан кейін бұл мерекені Беларусь, Қырғызстан, Ресей өз күнтізбелерінде қалдырды.
2017 жылғы 31 қазанда сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметінің № 689 қаулысына қол қойды. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» аталған қаулыда қыркүйектің соңғы жексенбісі Машина жасаушы күні ретінде бекітілген.
Бүгін атаулы мерекемен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев құттықтады.
«Машина жасау саласы еліміздің өңдеуші секторында жетекші рөл атқарып, экономиканың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде аталған сала индустриялық даму бағдарламаларының басым бағыты ретінде айқындалып отыр. Индустрияландыру жылдары машина жасаудағы өндіріс көлемі 376 млрд теңгеден өткен жылы 2,3 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 6 есеге артқан.
Жаңа заманның сын-қатерлері өндірістік ынтымақтастықты нығайтуды, өнімді қайта өңдеу дәрежесін тереңдетуді және инновациялық технологияларды енгізуді талап етеді. Осы ретте Сіздерге алға қойған мақсаттарыңызға жетуге мүмкіндік беретін кәсіби дағдыларыңыз, тәжірибелеріңіз бен біліктіліктеріңіз жеткілікті деп санаймын.
Бойларыңызға сарқылмас күш-қуат, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», деді министр.