• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Қыркүйек, 2022

Аңсаған сәбимен табыстыратын бағдарлама

197 рет
көрсетілді

Шаңырақ көтерген жұптың бәрі бала сүюді армандайтыны анық. Алайда мұндай бақыттың кей отбасыларға бұйыра бермейтіні өкінішті. Шын мәнінде, бедеулік пен белсіздік бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның қасіреті. Осы орайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында бала сүю бақытына қол жеткізгендер қатары артып келе жатқанын атап өтуге тиіспіз. Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) процедурасын жасауға 7 мың квотаға 7 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды.

Осы бір өзекті мәселені оңтайлы шешу үшін медицина мамандарының аз тер төкпегені мәлім. Қуаныштысы, қазір заманауи технологиялар мен мем­ле­кеттік қолдаудың нәтижесінде сәбилі болудың мүмкіндігі көп. Оған ортамызда жүрген мыңдаған отбасы дәлел. 2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жү­зеге асырылған «Аңсаған сәби» бағ­дар­ламасы нәтижесінде квота саны жылына 7 есе – 1 мыңнан 7 мыңға дейін көбейді. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі жасанды ұрықтандыру рәсімін күту ұзақтығы едәуір қысқарды және бедеуліктің әртүрлі формалары бар науқастарға қатысуға мүмкіндік пайда болды. Мысал ретінде алар болсақ, 2019 жылы елордаға небәрі 74 квота бөлінген. Ал 2021 жылы шаһарда 487 жұп МӘМС аясында ЭКҰ процедурасын өту мүмкіндігін алса, 2022 жылы 514 ерлі-зайыпты бағдарламаға қатысып үлгерді.

«Құны 1 млн теңгеден асып жығы­ла­тын мұндай процедураны кез келген отба­сының қалтасы көтермейтіні рас. Оған қоса ЭКҰ әдісіне бірнеше мәрте жү­гініп барып, сәбилі болғандар көп. Ал қазір бұған жұмсалатын шығынды МӘМС көтереді. Қазір өзім жұмыс іс­тейтін №2 қалалық көпбейінді ауру­ха­нада 1 478 жұп есепте тұр. Жыл басынан бері 350 пациент квота алса, 164 па­циент емдеуге жатқызу порталын кү­туде. Медициналық сақтандыру енгі­зіл­генге дейін кезек күту ұзақтығы үш жылдан асып жығылатын. Қазір әрі кетсе, бір жыл күтеді», дейді Астана қала­сын­да­ғы №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Ибраева.

Жақында аталған ауруханада ана ба­қы­тына ие болуды жылдар бойы аң­саған Людмила Жакенова да меди­ци­налық сақтандыру жүйесінің шапағатын көріп, шаңырақ шаттығына кенелді. Айта кетерлігі, ол – №9 қалалық емхананың педиатры. Людмила қабылдауына келетін кішкентай пациенттерін еркелетіп отырып, сәби сүю үмітін бір сәтке де үз­бе­генін айтады. Нәтижелі емделудің нә­­ти­­жесінде Әділет пен Дәнеля есімді бал­дырғанды дүниеге әкелді.

«Бірнеше жыл бойы бала көтере ал­ма­­ғандықтан ЭКҰ-ға квота алу үшін құжат­­тарымды жинап, тиісті жерге өткіз­­дім. Шынымды айтсам, кезегім осын­­­шама тез келеді деп ойламаған едім. Оған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аңсаған сәби» бағ­дар­­ламасын іске қосуы себеп болды. Осының нәтижесінде квота саны артып, ке­зек тез жылжыды. Құдайға шүкір, бәрі ойдағыдай болды. Екінші реттен оң нәтиже болып, құр­са­ғы­ма сәби бітті. Ұлым – 2 800 грамм, қызым 3 кило болып туды. Өзімді сондай бақытты сезінемін. Барлық жұмыс медициналық сақтандыру аясында, тегін болғанын айтуға тиіспін. Отбасымыздан шығын шыққан жоқ», дейді Л.Жакенова.

Экстракорпоралды ұрықтандыру – өте күрделі процесс әрі амалдың жоқ­ты­ғынан жүгінетін тәсіл. Ол жоға­ры тех­но­логиялық медициналық қызмет­терге жатады және қымбат процедура болып саналады. Бұрын ол тегін медициналық көмек көлемі аясында жүргізілетін еді. Қар­жыландыру көлемі аз болғандықтан, Қазақстанға жылына шамамен 900-1000 квота ғана бөлініп келді.

«ЭКҰ процедурасы МӘМС қыз­мет­тері тізі­міне кіреді, яғни сақтан­ды­рылған аза­маттарға тегін көрсетіледі. Биыл әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру қоры алдын ала 6,98 млрд теңге сомасына 7 мың экстракорпоралды ұрықтандыру циклын қаржыландыруды жоспарлаған. Осы жылдың 8 айында 4,8 млрд теңгеге 4,6 мың ЭКҰ процедурасы жүргізілді. Былтыр осы уақыт аралығында 3,8 мың процедура жасалды», дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық көмектің сапасын бағалау депар­таментінің директоры Ләззат Шоманова.

Қазір Қазақстанда Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қорымен шарт жасасқан 18 ЭКҰ орталығы жұмыс іс­тей­ді. Олар еліміздің 8 өңірінде орна­ласқан. Атап айтар болсақ, мұндай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында шоғырланған. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан ЭКҰ қызметтерін ұсынатын медициналық ұйымдар тізімін fms.kz ресми сайтындағы «Пациент үшін» бөліміне өтіп, әрі қарай «Клиниканы таңдау» тізбегінен қарауға болады. Экстракорпоралдық ұрықтандыруға отба­сылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сондай-ақ Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі бел­гілеген медициналық параметр­­­лер­ге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа де­йін, қалыпты соматикалық және эн­до­крин­дік мәртебе, жоғары фол­ли­куляр­лық резерв) сәйкес келуі қажет.

МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысыңыз сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан ке­зек­ке тұра аласыз. Дәрігерлер үміт­керді медициналық тексерістен өткіз­геннен кейін экстракорпоралды ұрық­тан­ды­ру­дан бас тартуы да мүмкін. Яғни бірнеше мәселе ескеріледі. Мамандар жа­тырдың туа біткен немесе жүре біт­кен ауытқулары, соматикалық және пси­хикалық бұзылулар, аналық без ісік­тері, жедел қабыну және кез келген ло­кализация онкологиясы сынды жағ­дай­ларда науқасты экстра­корпоралды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін. Экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алу үшін пациент алдымен тіркелген жері бойынша емханаға баруы қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексеру тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медициналық-са­ни­тарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана салалық маманның қо­ры­тындысы негізінде пациенттің құ­жат­тарын жоғары технологиялық меди­ци­налық қызметтер жөніндегі жергі­лікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындай бастайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ЭКҰ – басқа емдеу жолдары тиімсіз бол­ған­да ғана қолданылатын тәсіл. Ең дұ­рысы – бедеулік пен белсіздіктің алдын алу. Әр ата-ана баласының бойын­да­ғы өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге қаратуы керек. Әсіресе жұқпалы инфекциялардың алдын алып, қандай да бір эндокринологиялық бұ­зы­лыстарды уақыт оздырмай емдеген жөн. Сондай-ақ саламатты өмір салтын сақтап, әйелдер түсік жасатудан аулақ болып, еркектер аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары мен жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқуларды дер кезінде емдеуі керек дейді мамандар.