Ресей Федерациясында ішінара мобилизация жарияланған күннен бастап көршілес Қазақстанға келушілердің саны артқаны туралы ақпарат таралғаны белгілі.
Батыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясы және жергілікті әкімдік жағдайдың толық бақылауда екенін айтады. Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясының 12 265 азаматы тіркелген. Олардың 1 047-сі – халықаралық жүк тасымалымен, 1 108-і жұмыс істеуге келген. Ал жеке шаруаларымен келген 10 057 ресейліктің 2 417-сі Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алған. Бұдан бөлек, 22 азамат – оқуға, 18 азамат – қызмет бабы бойынша, 13 азаматтың туристік сапармен келгені тіркеліпті.
«Ресей Федерациясы азаматтарының біздің елде болу тәртібі 2005 жылғы 23 мамырда бекітілген «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы азаматтарының өзара визасыз сапарлары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №494 қаулысымен реттеледі. Облыстық көші-қон бөлімшелерінде 2022 жылдың басынан 22 қыркүйегіне дейін барлығы 20 840 шетелдік тіркелді. Оның ішінде 18 548 азамат – ТМД елдерінен, 2 292 азамат алыс шетелдерден келген» делінген полиция таратқан мәліметте.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясының 3 961 азаматы тұрақты түрде тұрады. Осы жылдың басынан бері Қазақстанда тұрақты тұруға қалдыру туралы 427 адам өтініш білдірген болса, оның 278-і рұқсат алған. Сонымен қатар Қазақстан азаматтығын алуға 29 азамат өтініш білдірсе, оның 11-і Қазақстан Республикасының азаматтығын алған.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті журналистердің сұрауы бойынша соңғы үш күннің мәліметін де жариялады. Ресейде ішінара мобилизация жарияланған 21 қыркүйек күні кеденнен Батыс Қазақстан облысы аумағына – 64 Ресей азаматы, 22 қыркүйекте – 128, 23 қыркүйекте 197 азамат өткен көрінеді. Көріп отырғанымыздай, өсу динамикасы бар.
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Батыс Қазақстанға Ресей Федерациясының 5 882 азаматы келген болса, биылғы тоғыз ай ішінде 12 265 ресейлік азамат қазақ шекарасына өткен. Соның 1 307-сі қыркүйек айында келген.
Батыс Қазақстан облысы