Сыртқы істер министрлігі ЛХР, ДХР, сондай-ақ Украинаның Запорожье және Херсон облыстарының квазимемлекеттік аумақтарының Ресейге қосылуы бойынша өткен референдумға қатысты Қазақстанның ұстанымын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін сақтау принциптерін қолдайды. Мемлекет басшысы бірнеше рет, соның ішінде жақында БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінде дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңызды екенін нақты айтты», деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Аталған Жарғы БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бейбітшілікті сақтау және мемлекеттердің аумақтық тұтастығына құрметпен қарау қағидаларына негізделген.
«Сондықтан біз саяси диалог орнатуға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенімізді растаймыз. Бұл ретте еліміз өңірлік деңгейде де жаһандық деңгейде де тұрақтылықты сақтауды ең маңызды міндет деп санайды», деді А.Смадияров.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуінде: «Егер ұлттардың өзін-өзі айқындауына жол берілсе, онда жер шарында БҰҰ-ға кіретін 193 елдің орнына 500-600 мемлекет пайда болар еді», деген болатын.
«Сол себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, біз квазимемлекеттік аумақ боп есептелетін Донецк пен Луганскке қатысты да осы принципті ұстанамыз», деген сол кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, жұма күні ЛХР, ДХР, сондай-ақ Украинаның Запорожье және Херсон облыстарында Ресейге қосылу туралы референдум басталды. Дауыс беру 27 қыркүйекке дейін жалғасады.