• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Бизнес 27 Қыркүйек, 2022

Бизнестегі әйелдер үлесі

496 рет
көрсетілді

Мемлекет соңғы жылдары әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, 2021 жылы шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесі 43,3 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 26 пайыз болыпты.

Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыр­жан Омарбеков Астанада өткен «ASMAR – бірлік дәс­түр­лері» әйелдер кәсіп­керлігі­нің халық­аралық кон­гресін­­де айтты. Қатысу­шылар Қазақ­стандағы әйелдер бизнесін қолдау және тұрақты даму мәсе­ле­лерін, іскерлік ортаны қалып­тастырудағы жаңа тәсіл­дер мен трендтерді талқыл­ады. Вице-министрдің айтуын­ша, қазіргі кезде экономи­ка­лық бел­сенділікті қол­д­ау мақ­са­тында кәсіпкерлікті дамы­туға бағытталған Ұлттық жоба шең­берінде қаржылық және қаржылық емес қолдау шара­лары ұсынылып жатыр. Соны­мен қатар мемлекеттік қолдау халықаралық қаржы институт­тарының және «Даму» КДҚ» АҚ-ның түрлі бағ­дарламалары арқылы да жүзеге асырылады.

«2021 жылы сыйақы мөл­шерлемесін субсидиялау құ­ралы бойынша кәсіпкер әйел­дердің шамамен 10 мың жобасы қолдау тапты, кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша 7 мың жоба қолдау тапты. Өткен жылы ақпараттық-қамтамасыз ету бойынша әйелдерге 84 мың­ға жуық консультация, ал сервистік қолдау бо­йынша 17 мыңнан астам консультация көрсетілді. Сондай-ақ бүгін­де әйелдер кәсіпкерлігін дамы­ту­дың 17 орталығы жұмыс істейді. Мақсат – әйелдердің эконо­мика­лық белсенділігін ынталандыру. Келесі жылы жаңадан құрылған облыстарда орталықтар ашу жоспарлануда. Бүгінге дейін орталықтарда 7 мыңнан астам әйелге қызмет көрсетілді. Олар­дың 30 пайызы халықтың әлеу­меттік осал топтарына жатады», деп атап өтті Б.Омарбеков.

Экономикаға тікелей жауапты ведомство Еуропалық қайта құру және даму банкімен бір­лесіп кәсіпорындарға тех­ни­калық көмек көрсету, сон­дай-ақ қаржылық қолдау арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту­дың бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған «Бизнестегі әйел­дер» бағдарламасын іске асы­рып жатыр. Бұдан бөлек, ел өңір­лерінде (Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маң­ғыстау облыстарында) «Бір ауыл – бір өнім» қанатқақты жобасы енгізілген.

«Біз кәсіпкер әйелдердің мүмкін­дік­терін кеңейту тұтастай алған­да елдің инклюзивті, өмір­ге қабілетті және орнықты эко­но­микасының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенім­діміз», дейді ведомство өкілі.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов конгресс делегаттарына жолдаған құттықтау хатында елдегі жұмыс күші­нің 50 пайызын әйел азаматтар құ­райтынын, әйелдер басқа­ратын заңды тұлғалардың саны өткен жылы 9 па­йыздан асып, 2021 жылдың соңына қарай 625 100-ге жеткенін айтты. Премьер-Министрдің сөзіне сүйенсек, әйелдер кәсіпкерлігі ішкі жалпы өнімнің 40 пайы­зын толтырып отыр.

Дегенмен жалпы экономи­каға төнген қатер әйелдер бастамаларына да тәуекел тудырады. Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова осы мәселеге көңіл аударды. Оның сөзіне қараған­да, алыс елді мекенде тұратын әйелдердің ісін қолдау тым баяу жүріп жатыр. Ол мұның себе­бін мемлекеттік органдар мен даму институттары тара­пынан тиісті импульстің болмауы­­мен байланыстырады. «Сон­дық­тан олардың несие немесе грантты жеңіл иеленуіне мүмкін­дік беретін шаралар кешенін әзірлеу қажет, ауыл әйеліне көмектес­кеніміз – бүкіл елге қол ұшын бергеніміз», деді Л.Рамазанова.

«Атамекен» ҰКП басшысы Райым­бек Баталовтың айтуынша, төралқа жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 3 мыңға жуық әйел білім алған. Биыл наурызда «Атамекен» базасында елдің барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөнінде 17 орталық ашылған. Аталған орталықтар әйелдерге қаржылай емес қолдау көрсетеді.

«Бізде әйелдер кәсіпкерлігі өте белсенді дамып келеді. Мен 30 жыл бойы бизнесте жүрмін және сенімді серіктестерімнің бірі – әйелдер. Егер 3 мыңға жуық әйелді лидерлікке, әйел­дер­дің өз қабілеттеріне деген сені­мін арттыруға үйрету мүм­кін болса және олардың бір бөлігі қадам басып, шешімін тапса, демек бағдарлама өз тиімді­лігін көрсеткені. Оқытуды жалғас­ты­рамыз, әйелдер оқыту бағдар­ламаларын іске асыратын болады. Біз орталықтардың тиімді екенін көріп отырмыз және әрі қарай да жұмыс істеуіміз керек», деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

Ол сондай-ақ ҰКП Төралқасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігі комитетін құру мәселесі қаралып жатқанын да айтты.

«Осындай маңызды алаңды ұсыну кәсіпкерліктің көптеген мәселесін шешуге, елдегі барлық прогрессивті әйелдер күшін бірік­тіруге мүмкіндік беретініне се­нім­дімін. Белсенді азаматтық позицияңыз, Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін тағы да алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер», деді ол.

Конгресс делегаты Сәуле Салихованың айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бо­йынша қолға алынған бастамалар нағыз ауыл азаматтарына қажет дүниелер.

«Жоба жұмыссыз әйелдерді қам­тиды. Жобаның өзі сол үшін шыға­рыл­ған, жұмыссыз қалған әйел азаматтарды ортаға тарту үшін. Жоба бо­йынша тек жер­гілікті шикізат қолданы­лады және ол үшін қол еңбегі, әйел­дер­дің ісмерлігі өте маңызды. Сон­дай-ақ жобаға бір ауылдың ғана адам­дары қатысуға тиіс», дейді.

Сонымен бірге Сәуле Салихова мемлекеттік тапсырыс мәселесін де айтты.

«Тағы бір проблема – мемле­кеттік тапсырысқа ілігудің мүмкін еместігі. Әйелдер лидерлік пози­цияға ие болып отырған сала­лардағы нормативтік акті­лерді өзгертетін уақыт келді. Қазақ­станда мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жасалған келісімшарттардың 10 пайыздан 25 пайызға дейінгі көлемі жеңіл өнеркәсіп, білім беру және қоғамдық тамақтандыру сияқты салалардағы әйелдер бизнесіне берілуі керек», деді С.Салихова. 

Биылғы конгреске еліміздің әр түкпірінен 500-ге жуық бизнесмен келіп қатысты. Қазір Қазақстанда жасы 29-ға жетпеген әйел кәсіпкерлердің саны 90 мыңға таяп қалған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 37 пайызға көп. Осының өзі әйелдер кәсіпкерлігінің әрі жасарып, әрі жыл санап белсенді болып келе жатқанын білдіреді. 

Жалпы, гендерлік теңдік ұғымы соңғы кезде әлеуметтік қана емес, экономикалық тұрғы­дан да өзекті бола түсті. Жыл сайын елдегі мыңнан астам кәсіпкерге қолдау біл­діре­тін Еуропалық қайта құру және даму банкінің жазуынша, «экономикаға әйелдердің қаты­суы елдің орнықты дамып жат­қанын және әрбір адамға теңдей мүмкіндік берілетінін аңғар­тады». Олардың есептеуін­ше, қазір ШОБ-тағы әйелдер үлесі 43 пайызға жеткен. Ал халықаралық McKinsey консалтинг компаниясы 2025 жылға таман әйелдердің ерлермен тең дәрежеде экономикада жүруі әлемдік ІЖӨ-ге 28 трлн доллар қосады деп болжайды. Бұл өз кезегінде Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Афри­кадағы ішкі жалпы өнім көрсет­кішінің де 9 пайызға артарынан хабар бере­ді дейді сарапшылар.