Екібастұздағы МАЭС-1 және МАЭС-2 стансалары Қазақстандағы энергия жетіспеушілігін шешуге талпынып жатыр. Алдағы жылдары соңғы аталған стансада №3 энергоблок құрылысы жалғасатын болса, кәсіпорынның қуаттылығы 1 600 мегаватқа жетпек. Ал «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-да №1 энергоблок күрделі жөндеуден өткен соң орталық өзінің жобалық қуаттылығын – 4000 мегаватты бағындырады. Айтып өтейік, бүгінде Павлодар облысы еліміздегі электр энергиясының 40 пайыздан астамын өндіреді және аймақ сала бойынша көш бастап тұр.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов жұмыс сапарымен Павлодар облысына келіп, өңірдегі ірі энергия ресурстық стансалардың, мұнай-химия саласындағы кәсіпорындардың даму жоспарымен танысты және өңір жұртшылығымен кездесті.
Бұған дейін Egemen Qazaqstan газетінде Екібастұздағы жылу-электр орталығының мүшкіл жағдайы туралы мәселе көтерген едік. Мамандар өндірістік жабдықтары әбден тозған кәсіпорындағы жөндеу жұмыстары кестеден кешіккені себепті шаһардағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылуға кеш қосылуы мүмкін екенін айтқан. Абырой болғанда, серіктестіктің акционерлері қосымша қаражат бөліп, орталықты биылғы қысқа дайындау жұмыстары қарқынды жүзеге аса бастаған. «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Вадим Лесин Екібастұзда жылуға денсаулық сақтау және білім беру мекемелері қазірден қосылып жатқанын баяндады. Жылу маусымы ойдағыдай өтуі үшін мұнда 4 қазандық пен 1 турбогенератор жөнделіп жатыр. Барлық жұмыс қараша айында аяқталмақ. Қазандықтар 46%-ға, қаладағы желілер 88%-ға тозған. Акционерлер стансаның мәселесін шешуге қауқарсызбыз деген сылтаумен жуықта оны коммуналдық меншікке өткізуге талаптанған. Дегенмен Энергетика министрі бұл мәселе әзірше қарастырылмайтынын жеткізді. Биылғы қысты ойдағыдай өткізіп алған соң нақты шешім қабылданады. Қазір мұнда үкіметтік ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Жуық арада орталықты жаңғырту мәселелері талқыланып, арнайы жоспар жасалмақ.
Б.Ақшолақов «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС-да болып, ондағы бірнеше энергоблокта жүргізіліп жатқан жөндеу барысымен танысты. Кәсіпорынның бас директоры Ержан Ертаев 2021 жылы станса 22,8 млрд киловатт электр қуатын өндіргенін, бұл соңғы 35 жылдағы рекорд болып саналатынын жеткізді. Қазір мұнда №1 энергоблокты қалпына келтіру жобасы жүзеге асуда. Оған жалпы сомасы 162 млрд теңге инвестиция құйылған. Келер жылдың желтоқсанында жаңа блок іске қосылса, кәсіпорынның қуаттылығы 4 мың мегаватқа жетпек. Мұндай қуаттылыққа шыққан электр стансасы әзірше Қазақстанда жоқ деуге болады.
Ал МАЭС-2-де №3 энергоблок құрылысын жалғастыру ұсынылып отыр. Жобалық қуаттылығы 663 мегаватт болатын жаңа нысан 4,8 млрд киловат-сағат электр энергиясын өндіре алады. Кәсіпорынның басқарма төрағасы Жандос Медеуов жобаның жалпы құны 450 млрд теңгеге бағаланатынын, негізгі құрал-жабдықтар Қытайдан жеткізіліп қойғанын мәлімдеді. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, жобаны мемлекеттік сараптамаға қайтадан жолдау қажет. Себебі ол он жыл бұрын жасалған. Құрылысты жалғастыруға рұқсат берілген соң энергоблок шамамен 2024-2026 жылдары салынады деп күтілуде. Жаңа нысан қолданыстағы тарифке де өзгеріс енгізуі мүмкін. Б.Ақшолақов барлық есеп-қисапты ертерек әзірлеуді, оған қоса экологиялық жүктемені көрсетуді тапсырды.
Бұдан соң министр Павлодар мұнай-химия зауытына барды. Мұнда еуростандарт сапада полимерлік битум шығаратын жаңа өндірістік жоба таныстырылды. Жоба іске асса, жергілікті битум өндірісі айына 50-60 мың тоннаға дейін өседі. Жаңа өндіріс жылдың төрт мезгілінде жұмыс істеп, полимерлік битумды арнайы қапшықтарға орайды. Буып-түйілген өнім қыста сақталып, күн жылына сатылымға шығарылмақ.
– Қазір елімізде орташа есеппен 250-300 мың тонна битум тапшылығы сақталып отыр. Біз отандық мұнай өңдеу зауыттарына битум өндірісін қыста тоқтатпауды міндеттемекпіз. Жазда жол салуға қажет битум таппай қаламыз. Егер кәсіпорындар қыс бойы өнімді жеткілікті түрде өндіріп, көктемнен сатылымға шығарса, жазда дүрбелең туындамас еді. Сондықтан павлодарлық зауыттың жобасын толық қолдаймын, – деді Болат Оралұлы.
Естай атындағы мәдениет сарайында өткен жұртшылықпен кездесуде ведомство басшысы халықты жанар-жағармай өнімдерімен, электр жарығымен және жылумен қамту бағытында жүзеге асып жатқан іс-шаралар жайында баяндады. Павлодар өңірінде алдағы жылу маусымына дайындық ойдағыдай жүріп жатқанын, ал электр қуатын өндіру саласында айтарлықтай серпілістер байқалатынын айтып өтті. Қазір энергетика саласындағы мамандардың еңбекақысы төмен. Соның салдарынан кадр тапшылығы туындап, өңірдегі энергетикалық кәсіпорындардағы жұмыс орындарының 30 пайызы бос тұр. Бұл мәселені шешу үшін тариф мөлшерін қайта қарап, энергетиктердің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру жоспарланған.
«Blue Star PV» ЖШС директоры Руслан Садықов күзгі жиын-терім жұмыстарында шаруаларға астық кептіргіштердің жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша 3 мың тонна сұйылтылған газ қажет екенін жеткізді. Жергілікті жанар-жағармай стансалары мен мұнай өнімдерін жеткізумен айналысатын ұйымдардың өкілдері көлік отыны нарығындағы трейдерлерді реттеу, жосықсыз мердігерлерді жазаға тарту, сондай-ақ Павлодар мұнай-химия зауыты аумағындағы жеңіл жолмен ақша жасап жүрген делдалдарды сыртқа шығару туралы мәселелерді көтерді.
Осыдан біраз жыл бұрын мұнай өңдеу зауытында мемлекет қаржысына мұнай өнімдерін автоцистерналарға құятын жүйелер салынған екен. Өкінішке қарай, бұл құрылғыларды кейін әлдекімдер иеленіп алған. Қазіргі күні оның саны қанша екені және қандай күйде тұрғаны да белгісіз. Кәсіпорындағы сорғылар, мұнай айдағыш жүйелер, тіпті құбырлар аралық фирмаларға жалға беріліп қойған. Жергілікті қауым ең әуелі осы мәселелерді реттеуді сұрады.
Б.Ақшолақов мұнайды өңдеуге жеткізушілер арасында жосықсыз кәсіпорындар азайғанын, мәселен PETROSUN ЖШС-да қазір ұсақ акционерлердің барлығы жойылып, негізгі иелік «ҚазМұнайГаз» компаниясына берілгенін айтып өтті.
Айтып өтейік, биыл күзгі науқанда өңір шаруаларына арзан бағада 23 мың тонна трактор отыны берілді. Аймақта жыл соңына дейін сұйылтылған газдың литрі 70 теңге болып бекітілген. Қазір облыста 13 газ-желілік ұйым мен 74 автогаз стансасы бар. Былтыр облыс 76 мың тонна газ тұтынса, биыл 32 мың тонна газ сатылған.
Павлодар облысы