• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қыркүйек, 2022

Мүмкіндігі шектеулілердің құқығы ескеріледі

347 рет
көрсетілді

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынға саяси партиялардың, мүгедек жандардың сайлау құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ОСК жанындағы мүгедек азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, онлайн режімде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Отырыста ең әуелі президент сай­лауында мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың дауыс беруін қамтамасыз ету мәсе­лелері айтылды. Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі Анастасия Щегорцова «Сайлау туралы» Конституциялық заң­да мүгедек азаматтардың сайлау құқық­тарын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар норма бар екенін еске салды.

– Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы қаулысы мүгедек жандардың сайлау құқықтарын іске асыру жөніндегі ұсынымдарын бекітті. 2021 жылдан бастап комиссия отырыстарының трансляциясы мен ақпараттық бейнематериалдары сур­доаудармамен қамтамасыз етіледі. Ор­талық сайлау комиссиясының сай­тын­да «Мүмкіндіктері шектеулі азамат­тар­дың сайлау құқықтары» бөлімі жұмыс істейді.

2017 жылдан бастап БҰҰ-ның мүге­дек­тердің құқықтары туралы Кон­вен­­циясын іске асыру мақсатында Ортсай­лауком жанында мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөнін­дегі Жұмыс тобы жұмысын жалғас­ты­руда. Жұмыс тобының 19 мүшесінің 17-сі – мүгедек жандардың қоғамдық бір­лестіктерінің өкілі, – деді Анастасия Ще­гор­цова.

Жиында сайлау науқаны кезінде мүге­дек азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тап­сырма берілді. Мәселен, жергілікті атқа­рушы органдарға: мүгедек жандарға дауыс беруге арналған учаскелердің қол­же­тімділігін тексеруді; дауыс беру ке­зінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедек жандардың саны туралы мәліметтер дайындау және азаматтарды тіркеу орны бойынша дауыс берудің нақты учаскесінде олар үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету мәселелерін қосымша пысықтау; дауыс беру учаскелерінде Орт­сайлаукомның қаулысымен бекі­тілген сайлау учаскесінде дауыс беруге ар­налған үй-жайды, дауыс беруге арнал­ған пункті жарақтандыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес мүгедек жандарға арналған бұрыштарды жарақтандыруды қам­тамасыз ету, тұтқалардың, пандус­тар­дың, сондай-ақ басқа да қажетті құрыл­ғылардың болуын қарастыру; мүгедек жан­дарға дауыс беруге арналған үй-жай­ларды барынша қолжетімділікпен қамтамасыз ету мәселелерін назарға алу керектігі айтылды.

Ал дауыс беруге арналған орындарда әр­түрлі тактильді көрсеткіштер (мүм­кін­дігінше) болуға тиіс. Тірек-қимыл аппа­ратының функциялары бұзылған, оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын сайлаушылардың қолжетімділігін ескере отырып, жасырын дауыс беруге арналған кабина, мүгедек жандарға арналған арнайы жабдықталған орын, мониторы бар компьютер болуға тиіс. Құлаққаптар, қосымша жарықтандыру, лупалар да қарастырылмақ.

Жиында комиссия мүшесі Асылбек Смағұлов қол қою парақтарын дайын­дау, беру мерзімдері, сондай-ақ  сай­лау­шылардың қолдарын жалған деп тану туралы баяндады.

– «Сайлау туралы» Заңға сәйкес прези­денттікке кандидатты қолдап қол жинау­ды сенім білдірілген адамдар ұйым­дастырады. Ал кандидаттың Конституция және «Сайлау туралы» Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруден кейін бес күн мерзімнен кешіктірмей ко­миссия беретін қол қою парақтарымен ресімделеді. Президенттiкке кандидатты облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және республика астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан тең­дей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жал­пы санының кем дегенде бiр пайызы қолдауға тиiс. Еліміздегі сайлаушы аза­мат­тарының бірыңғай электрондық тізілі­міне сәйкес 2022 жылғы 1 шілде­дегі жағдай бойынша республика сайлау­шыларының жалпы саны 11 млн 827 мың 277 адамды құрайды. Осылайша, президенттікке үміткерді кемінде 118 мың 273 сайлаушы қолдауы керек, – деді А.Смағұлов.

«Сайлау туралы» Заң және ОСК қаулысына сәйкес, қол қою парағының үлгісі бекітілген. Әрбір қол қою пара­ғы­ның реттік нөмірі болады және сай­лау­шылардың қолдарын жинауға арналған 20 жолдан тұрады. Президенттікке кандидатты қолдауға қол жинау жөніндегі толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол 10 күн мерзімде паспорт қызметті қызметкерлерін тарта отырып, қойылған қолдардың дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады, Президенттікке кандидатты қолдап қойылған қолдардың растығын тексеру нәтижелері туралы тиісті хаттаманы ресімдейді және оны Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.

Сайлаушылардың қойған қолдары сайлаушының деректері толық болмаса, қарындашпен қойылса, түзетілсе, сай­лау­шы атынан басқа адам қойса жалған болып танылады.