Президенттің 1 қыркүйектегі Жолдауында Жаңа Қазақстандағы мемлекетіміздің экономикасы мен әлеуметтік мәселелеріне ерекше мән беріліп отыр. Қазақстанның әлемдік геосаяси үдерістерге қосып жатқан үлесі баршаға белгілі.
Кез келген ел өзінің табиғи байлықтарын дұрыс пайдалана білуі қажет. Елімізде өзен-көлдермен қатар Каспий теңізі де жатыр. Каспий теңізін қоршап жатқан бес мемлекеттің қатарындамыз. Бұл жағдайды да ескерген Президент Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңыздылығы туралы сөз қозғап, оны әрі қарай дамытып, жаһандық логистика компанияларының ортақ іске қосылуы туралы айтты.
Маңызды құжатта көтерілген мәселенің бірі – ауыл шаруашылығын дамыту. Бұл салада біраз жұмыс атқарылды. Қолға алынған ауқымды іс-шараларға да көп уақыт өтті. Алайда өкінішке қарай, ауыз толтырып айтатындай нәтижелерді кейде көре алмаймыз. Ауыл шаруашылығы мемлекетіміз үшін әрқашанда маңызды сала болып қала береді. Өйткені бұл сектордың тұрақты дамуы азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні туралы Мемлекет басшысы жиі айтып жүр. Осыған орай ауыл халқына бөлінетін субсидиялар қайта қаралып, жаңа бағдарламалар жасауға жол ашылды.
Құжатта ерекше маңыз берілген тағы бір бағыт – заң және тәртіп. Мемлекеттіліктің ең басты стандарттарының бірі заң үстемдігі болса, қоғамда орнайтын тәртіп тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі болып саналады. Б.Момышұлы мұны «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп кесіп айтып кеткен. Қазақ жерінде заң жарғылары ежелден қарастырылған. Сонау түркі заманында тасқа жазылған бітік жазуларына зер салсақ, дамыған орта ғасырларда Жүсіп Баласағұн жазған «Құтты білікте» мемлекеттегі ең басты мәселелердің бірі ретінде заң мен тәртіп айтылады. Мұндай көзқарастарды әл-Фараби бабамыздың еңбектерінен де көп кездестіруге болады. Бұл темірдей тәртіп одан кейінгі Алтын Орда, Шағатай ұлысы және Моңғол мемлекетінде де сақталды. Ал Алтын Орданың ізбасары болатын Қазақ хандығындағы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – ХХ ғасырдың басындағы заңдар жинағы тәуелсіздік жылдары құрастырылған заңдарымыздың қайнар көзі деуге болады.
Жоғарыда қозғалған мәселелерді әрі қарай дамыту халыққа жүктеледі. Өйткені бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жауапкершілікті жұмыла көтергенде ғана Әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз.
Анар БАЙМАҒАМБЕТОВА,
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бөлім басшысы