Қарағанды қаласының қақ ортасындағы жаңа бір өнер мектебі Арқаның дүлдүлі мен бұлбұлын танытуға үлес қосатын болады. Бұл SMart өнер мектебін әнші Сәкен Майғазиев ашты.
Бір ай бұрын жұмысын бастаған өнер мектебінде үмітін үкілеген 100-ден астам талапты бала бар. Домбыра, флейта, қобыз, жетіген, сурет, вокал мен актерлік шеберлік сынды бірқатар үйірмеде кішкентай қарағандылықтар өнердегі таланттарын ұштап, қанаттарын қатайтады. Үйірмеде 6 және 16 жас аралығындағы балалар дәріс алып жүр. Бүгінде өнер мектебі Тараз, Алматы, Қызылорда мен Шымкент қаласында бар болса, келешекте филиалды әр қаладан ашу жоспарда бар.
– Киелі Сарыарқа елінен «сен тұр, мен атайын» дейтін небір жүйріктер шыққан. Күміскөмей әншілер, жезтаңдай жыршыларымыз жетерлік. Әр елдің, ұлттың тілі, діні, ділі, өз салт-дәстүрі бар. Онсыз ұлт болу мүмкін емес. Сонау жылдары Алматыда үлкен тұрғын үй кешенінде тұрдым. Сонда түрлі балаларды көрдім. Қазақылығымызға, дәстүрімізге жат дүниелерді көрдім. Жүрегім сыздады. Оларға тоқпақпен үйрете алмайтынымызға көзім жетті. Тек ұрпақты ұлттық өнерге баулу арқылы жеңетінімізді түйсіндім де осы мектепті ашуды ұйғардым, – дейді Сәкен Майғазиев.
Мектептегі үйірмелер құны қарапайым тұрғындардың қалтасына жеңіл, ойға да қонымды.
– Қарағанды өңірінде бұл – жаңалық. Әннің естісін айтатын, сахна өнерінің мәдениетін танытатын, өнердің биіктігін көрсететін қазақтың, Алаштың бір ұлы – Сәкен Майғазиев. Сәкен мектебі – дәстүрлі әндерді насихаттайтын мектеп боларына кәміл сенімдімін, – дейді Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Ақышев.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ