• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қыркүйек, 2022

Қандастың басын қосқан жиын

3606 рет
көрсетілді

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдары халқымыздың еңсесін көтеріп, ел­дігін танытқан оқиғаның бірі – осыдан отыз жыл бұрын, 1992 жылы Алматы қаласында 28 қыркүйек – 4 қазан аралығында өткен тари­хи құрылтай. Мәртебелі жиынға Түркия, Германия, Швеция, Норвегия, Фран­ция, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Түрік­менстан, Өзбекстан қатарлы 33 мемлекеттен 350-дей қазақ қатысса, облыс-аудандардан 800-ге жуық өкіл шақырылған еді.

Бұл күндері...

Бұл күндері алыс-жақынның бәріне аяулы Алматы көшелері, ұлы думанды Алатау бөктері, түбі бір түркі жұртына түгел баба – Қожа Ахмет Ясауи жатқан Түркістан төңірегі, хас жүйріктердің тұяғы дүбірлеткен Дегерес алқабы әлемнің әр тарапынан қазақ иісін ала келген неше түрлі тақиялар, шошақ төбелі тымақтар, ақ құрымды қалпақтар, ақ жібек әсем жаулықтармен көктемгі гүлдей құлпырды, көк теңіздей толқыды. Меймандар болған тарихи жерлерде, автобус, вагон керуендері жылжыған жол бойларында қазақтың әсем ән-жыры әуелеп, күй-толғауы сан ғасырлық сағыныштай төгілді.

Бұл күндері әр қазақтың жадында тарих беттері қайта парақталды.

Бұл күндері зобалаң жылдары ұрпақ санасынан ұмыт бола бастаған елдік, ерлік дәстүрлер, алтыннан қымбат асыл салттар қайта жаңғырды.

Бұл күндері халқымыздың асыл қа­сиет­тері: тілге, дінге, ділге деген құрмет жаңа бір биікке ұмтылды.

Бұл күндері мыңдаған қандастарымыз егеменді ел болған, жеке Байрақ жел­бі­ретіп, төл Елтаңбасын төрге ілген Қа­зақстан мемлекетінің мерейіне мың шү­кір айтып, ертеңгі өміріне зор бола­шақ тіледі.

Бұл күндері құрылтайға қатысушылар Түркістан, Жезқазған, Ұлытау сияқты еліміздің ежелгі саяси-әлеуметтік, мә­дени орталықтарында болып, атажұр­ты­мен қауышты.

Бұл күндері Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, бұл ұйымға ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселелерді шешу міндеттері жүктелді. Құрылтай шетелде жүрген қазақтарға олардың артында арқа сүйер іргелі елі барын танытты.

Әлем елдері мен қазақ халқына үндеу тасталды

Осы орайда жоғарыдағы тарихи басқосудың саяси маңызына тоқталар болсақ, құрылтайға қатысушылар ең әуелі, жер жүзі халықтарына, мемле­кет­те­ріне және олардың үкіметтеріне, қазақ хал­қына үндеу жариялады.

Алғашқы үндеуде: «Біз, Дүниежүзі қа­зақтарының құрылтайына қатысу­шылар, ата-бабамыздың көне жерінде тұңғыш рет жиыла отырып, қазақ хал­қы­ның тағдыры, бүгінгі жағдайы мен келешегін ойлай келе және дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын қазақтың мәселелеріне аударуды тілей отырып; уақыт пен келешек ұрпақ алдындағы терең жауапкершілікті сезіне отырып; ұлтаралық қатынастар саласында өзара түсінушілік, сергектік, ұстамдылықтың мейлінше қажеттігін түсіне отырып:

– халықаралық құқық пен адам құ­қы­ғының дүниежүзілік Декла­ра­ция­сы­ның нормаларына ұмтылуымызды растап, жер жүзіндегі барлық ұлт арасында бейбітшілік пен татулықты, өзара түсіністікті нығайтуға бар күшті жұ­мылдыруға шақырамыз. Қандай бол­масын саяси-экономикалық немесе әлеуметтік мәселелерді шешуде ендігі жерде күш қолданылмайтын болсын. ХХІ ғасырда адамзат болмысында со­ғыс атаулыны болдырмаймыз десек, ұлтаралық жанжалдарды тоқтатудың, оларды бітіммен аяқтаудың жолдарын белсенділікпен іздестіріп табайық. Өз тарапынан 10 миллион қазақ ұлты бүкіл әлемді өзінің бейбітсүйгіш халық екендігіне, біртұтас демократиялық ұлттық мемлекет құру ісіне бекем бел байлағанына сендіреді» деп үн қатса, келесі кезектегі үндеуде: «Ғасырлар бойы отаршылық құрбаны болған, езіліп-жаншылған, әрқилы зұлматтарды бастан кешкен қазақ халқы азат болды. Қазақтың ұлттық мемлекеті – тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды» дей отырып, төмендегі ақ тілектерді жолдады:

Қазақтардың қолы жетпей жүрген ісі – ұлт бірлігі. Бұл – баршамыздың ерекше күш салатын басты мәселеміз. Болашақ ұрпақ алдындағы ұлан-ғайыр жауапкершілік бізді ұлттық мүддеге жаңаша мән беріп, «Бірлік түбі – тірлік», «Ырыс алды – ынтымақ» деген бабалардан қалған ұлағатты қағидаларды басшылыққа алуға міндеттейді. Мемлекетіміздің өмір сүруі – біз­дің бар мақсат-мүддеміздің, болашақ істе­рі­міздің түп негізі. Қазақ елінің тұ­рақ­ты бейбіт дамуы қамтамасыз етіл­­­мей, тәуелсіздігі баянды болмайды. Қазақстан ұлтаралық мәселелерді үйлесімді реттейтін құқылы мемлекет бо­луына, оның демократиялық сипатын өрістетуге, сөйтіп әлемдік өркениет қата­рына енуін жеделдетуге әрқайсысымыз қол­дан келер үлесімізді қосуға, аянбауға шақырамыз. Ұлттың рухани өмірі оның мәде­ниетін дамытып, өркендете білу қажет. Әсіресе сыртта жүрген үш миллионнан астам қазақтың тіл тұтастығын, рухани бірлігін сақтаудың бірден-бір жолы – қазақ тілі екенін естен шығармау керек. Империялық құлдық психологиясынан босап, тәлім-тәрбиелік мәні бар ұлттық қасиеттерді дамыту, дінді, тарихи сана-сезімді қалпына келтіру, адамгершілік пен имандылықты бәрінен жоғары қою қажет. Құрылтай өз жұмысын бастаған – 30 қыркүйек Ұлттық бірлік күні болып саналсын.

* * *

Бүгіндері жоғарыдағы үндеу-жол­дау­да айтылған ұсыныстар мен көтеріл­ген мәселелер өз шешімін тапты десек қа­телеспейміз. Оған Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өт­кен жылы жарық көрген «Тәуелсіздік бә­рінен қымбат» атты мақаласында: «Қас­терлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл то­­лады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мем­­ле­кеттігінің, ата-бабаларымыз аң­сағ­ан азаттықтың тұғыры нығая түс­кенін әйгілейтін маңызды белес. Та­рих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көз­ді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Деген­мен бұл көптеген халық үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз... Осы орайда дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын ата­жұрт­қа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тік­те­ліп, ұлттық рухымыз кө­те­рілді» деген тұжырымы дәлел бо­ларлық пайым.

Құрылтай күнделігі

24 қыркүйек.

Алматы әуежайы. Жергілікті сағат – таңғы 9.00.

Алматы көгін жаңғырта асқақтай әуелеген «Елім-ай» әні естіген жанның тұлабойын шымырлатады. Ақ күміс алып ұшақтан сақалы желбіреп, түс­кен бір қария жата қалып туған жердің топырағын сүйді. Бұл Түркиядан кел­ген қазақтар еді. Бұларды Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар ода­ғының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев күтіп алса, әнші Бекболат Тілеухан домбырамен күмбірлетіп жыр төкті.

12.00. Меймандар «Алматы», «Қазақ­стан» қонақүйлеріне орналасты.

13.00. Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдері «Есік» мейрамханасында алғашқы қонақасы берді.

25 қыркүйек.

Иран Ислам Республикасы, АҚШ, Швеция, Ресей, Алтай өлкесі, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елінен қазақтар келді.

10.30. Шетелден келген 103 қазақ Абылайды хан көтерген киелі мекен Жезқазған – Ұлытауды бетке алып ұшақ­қа отырды. Оларды Арқаның айту­лы жыршысы Шымболат Ділдебаев толғау айтып қарсы алды. Қонақтар орталық мешітке ат басын бұрып, кешкісін С.Қо­жамқұлов атындағы облыстық му­зы­ка­лық драма театрынан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін тамашалады. Ойын-сауықтан кейін жергілікті ақса­қалдар меймандарды әр шаңыраққа бөліп әкетіп, ата дәстүрімен қазан көтерді.

26 қыркүйек.

10.00. «Қазақстан» мей­ман­хана­сы­ның бірінші қабатында Қазақ­стан Министрлер Кеңсесінің жауапты қыз­меткері Әлібек Асқаров, Қазақ­стан Жазушылар одағының өкілі Сұлтанәлі Балғабаев журналистерді жи­нап, құрыл­тай жайлы мағлұмат берді. Аталған жиын үстінде, Құрылтай жұмысын 300-ден астам журналист пен отандық һәм шетелдік 50-ден аса телерадиокомпания насихаттауға атсалысатыны жайлы ай­тылды.

27 қыркүйек.

Алматы қаласындағы Халық шаруа­шы­лығы жетістіктері көрмесі (ВДНХ) алаңына әр облыстан келген киізүйлер бой көтеріп, «Ауыл» атты кешен мейман­дар­ды күтіп алуға сақадай сай тұрды. Бұл күні қонақтар қаланың көрікті жер­ле­­рін аралады.

28 қыркүйек.

Үкімет үйінде Премьер-Министр­дің орынбасары М.Жолдасбеков кеңей­тіл­ген баспасөз конференциясын өткізді.

15.00. Республикалық Оқушылар са­ра­йында өнер шеберлерінің қаты­суымен концерт өтіп, жәрмеңке ұйым­дас­тырылды.

18.00. Меймандар «Ауыл» кешеніне барып, көл-көсір дастарқаннан дәм татты.

29 қыркүйек.

Еуропа қазақтарын әкеле жатқан ұшақ таңғы 9.00-де Алматы әуежайына ке­ліп қонды.

10.00 – 12.00. Құрылтай қонақтары «Медеу» мұз айдынын тамашалады. Одан кейін Жазушылар үйінде ұйым­дас­тырылған қолөнер шеберлерінің көрмесіне барды. Түстен кейін Абай атындағы опера және балет театрында Құрылтай конференциясы басталды.

18.00. Республика сарайында елімізге танымал өнер шеберлерінің салтанатты концерті басталды.

30 қыркүйек.

9.30. Құрылтай конференциясы жал­ғас­ты. Мәжіліс соңы ақындар айтысына ұласты. Кешкілік Президент атынан қо­нақасы берілді.

13.00. Өзбекстан өкілдері барлық қазақ ағайындарға түстік ас берді.

1 қазан.

9.30 – 12.00. Сыртқы істер, Ең­бек, Мәдениет, Халыққа білу беру ми­нистр­ліктері мен «Фараби» қоры, «Ықы­лас­қайран» кәсіпорны, Жазу­шылар одағы қатарлы жерлерде кездесулер ұйым­дастырылды.

13.00. Құрылтай қонақтары арнайы пойызбен Түркістанға жол тартты.

2 қазан.

07.30. Арнайы пойыз Түркістанға келді. Жергілікті басшылар мен халық меймандарды гүл шоқтарымен күтіп алды. Құрметті қонақтар Қожа Ахмет кешеніне, Арыстан баб мазарына, т.б. киелі орындарға зиярат етті. «Керуен сарайда» үлкен қонақасы берілді.

15.00. Қонақтар Алматыға аттанды. Ертеңінде Дегерес жылқы зауытында болып, ұлттық ат спорты ойындарын тамашалады.

3 қазан.

Республика сарайында Құрылтайдың аяқталу рәсімі өтті.

Саңлақтардың сара сөзі

Құ­рылтай күндері «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деген тақы­рыпта ғылыми конференция өтті. Конференцияда Қазақстан Республи­ка­сы­ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» де­ген та­қы­рыпта баяндама жасап, он­да қазақ халқының тағдыры, ата-баба мұ­расы, тілі, бүкіл дүние жүзіндегі қазақтарды біртұтас ұлттық мемлекетіне біріктірудің құқықтық негіздері, т.б. мәселелер жөнінде терең толғамдар айтылды.

Осылай екі күнге созылған жиынның алғашқы күні арнайы дайындалған 10 адамның көлемді де, өте маңызды тарихи-танымдық баяндамалары тыңдалса, 38 қонақ қосымша уақытта өз ой-пікірлерін ортаға салыпты. Осылардың ішінде айтылған кейбір құнды ой-толғамның қысқаша мазмұнына тоқтала кетсек.

Манаш ҚОЗЫБАЕВ,

академик, тарихшы:

– Біз, қазақ – атаны, ананы пір тұтқан халықпыз. Сондықтан да біз тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған халықпыз. Шығыс ақындарының бірі Мағжанның:

Асқар алып – ата затым сұрасаң,

Асқар дана – ана затын сұрасаң – деуі осыдан.

Қазақ елінің шалқайса шыңы бар, еңкейсе иен елі бар, қиянға шықса қасқайып қарсы тұрар сайыпқыран ері бар, ұлан-байтақ, қойны қазына жері бар. Ендеше оның көсегесі көгерген, еңсесі биік орда тігер кезі бұл. Тек жа­рат­қан Алла жар болып, құт қонған, бақ дарыған, жарастығы асқан, дәулеті тасқан халықтың ерен еңбегі, таудай талабы, ғажайып жасампаз өнері өрге сүйреп, ел болуға жазсын! Қазақ елін сұқ көз, сумаңдаған сөзден, суық ойдан, қандыбалақ қолдан, кесе-көлденең пәледен, аяқ астындағы жаладан, қызар­ған көзі тек қана топыраққа тоятын алаяқтардың арамза әрекетінен, арандату қа­рекетінен Құдайым өзі сақтасын! Жорт­қанда жолымыз болсын, іске сәт қандас бауырлар!

Сұлтан САРТАЕВ, заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері:

 – Құрметті бауырлар, туыстар! Өзде­рі­ңізге белгілі, қазақтардың респуб­ли­кадағы жалпы саны 7.073 мың адам. Ал дүние жүзіндегі жалпы саны 10 миллион 560 мың болып отыр... Қазақ мемлекетінің территориясының көлемі 2 миллион 700 мың шаршы шақырым. Бұл дүние жүзіндегі жері ірі 9 мемлекеттің қатарында деген сөз...

Меніңше, Қазақ мемлекеті – тек Қа­зақ­станда тұратын қазақтардың ғана мем­лекеті емес, ол сонымен қатар дүние жүзіндегі қазақтардың ұлттық мем­лекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүние жүзіндегі қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қор­ғауы қажет.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның халық жазушысы:

– Көне гректерде «Ақылды адам басқалардың қатесінен, ақымақ адам – өзінің қатесінен сабақ алады» деген мақал бар. Басқалардың қателері көз алдымызда. Балаларымыз, келешегіміз бізден даналықты, парасаттылықты талап етеді. Мен бұл мәселе жөнінде Құрылтайдан өз пікірін айтуды сұ­рағым келеді. Сіздердің пікірлеріңіз – тарих бораны әлемнің әр тарабына таратып жіберген қазақтардың үні. Бұл үн халқымыздың құлағына шалынады...

Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ, «Арқас» өрбіту қорының президенті:

– Қадірлі замандастар! Бауырлар! Қайта құрыламыз деп жүріп, өзін-өзі қамшылағанның адам болмысындағы ащы табын көріп, тарихты көшіріп те, өшіріп те түзеу мүмкін емес екенін енді ғана түсіне бастаған қазіргі заманда иек асар жалғыз құдірет бар. Ол – уақыт тезінен өткен ата жолы, жалпыадамзаттық, ұлттық игі қасиеттер. Оларды игеру бізден Қазтуғанның, Асан Қайғының, Қаз дауысты Қазы­бек­тің, Төле бидің, Ақтамбердінің, Май­лықожаның, Ыбырайдың, Ұлы Абайдың пәлсапалық, педагогикалық, дүниетанымдық мұрасына тікелей бетбұрыс жасауды талап етеді. Біз бірлік, ерлік белгілері негізінде ақыл, қайрат, жігерді, парасаттылықты бірдей ұстасақ, қиыншылықтарды тез еңсереміз!

Әбдуәли ҚАЙДАРОВ, «Қазақ тілі» қоғамының президенті:

– «Ана тілі азбасын, Атамекен тозбасын» десек, ағайын қара шаңырақтың астынан табылайық! Алыстағы аға­йын­ның аңсары ауып, сағынышпен іздейтін атамекеніне келгендегі бір арманы – ана тілінің сәнді әуезін, ән-күйінің сиқырлы сазын есту ғой... Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев:

«Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз бабам тілі

сен қал­дың»,

– деп ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған қазақ тілін марапат­тай келіп, бүгінде жер жүзіне тарап кеткен ұрпақтарына рухани демеу болар ана тіліміздің құдіретті күшімен басын қосып, тұтастығын сақтауға болады:

«Жарық көрмей жатса да ұзақ,

кең тілім,

Таза терең, өткір, күшті, кең тілім,

Тарап кеткен

балаларыңды бауырыңа,

Ақ қолыңмен тарта аларсың

сен тілім»,

– деп өсиет айтқан еді. Осы өсиетті орындайтын тарихи сәт келген сияқты.

Халифа АЛТАЙ,

қазақтың қадірлі ақсақалы:

 – Қадірлі туыстар, мына Жер шарының әр тарапынан келіп отырған отандастардың жа­нарында қуаныш сезілгенімен, ұзақ та машақатты көш жолдарында тар­тқан азаптарының өшпес ізде­рін де байқауға болады. Әрине, олар ата­мекенінен жер көксеп кетпеген. Ұлы империялардың тепкісінің салдарынан мәжбүр болып, бас сауғалап «қашқан – жаудан, көшкен жұрттан құтылар» деп, отанынан қол үзіп, «елімайлап» босып кеткен болатын. Біз де солардың қатарынанбыз...

* * *

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ: бар қазақтың басын қосқан Құрылтайға қазақтың небір мықты ақындары жыр арнады. Мақала соңын солардың бірі Ербол Шаймерденовтің:

Көңіл толмай, жүрсек те,

кейде налып,

Тәубе дейік, ағайын тәубе дейік,

Бар қазағы әлемнің жиылыпты,

Басымыздан бақ нұры аума дейік.

Көңіл толмай жүрсек те,

кейде налып,

Алақайлар шаттығың осы анық,

Атамекен парызын өтеп жатыр,

Шет кеткенді шеруге қосып алып, – деген жырымен аяқтайық!