Көрші Ресейдегі ахуал еліміздің көші-қон саясатына қатысты сауалдарды арттыра түскені рас. Саясаттан алыс деген шалғай ауылдағы қарапайым тұрғынның өзі бұл жайдан хабардар. Қоғамда түсінбеушілік, алаңдаушылық байқалады.
Осы ретте Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов қазіргі жағдайға тоқталды.
– Пандемиядан кейін көші-қон саласына қан жүгіре бастады. Карантиндік шектеулер жеңілдетіліп, мемлекеттік шекараның құрлықтағы өткізу пункттеріндегі жағдай тұрақтала бастады. Жыл басынан бері елімізге 4 млн 399 мың шетел азаматы келді. Атап айтсақ, Ресейден – 1 млн 700 мың (39%), Өзбекстаннан – 1,5 млн (34%), Қырғызстаннан – 547 мың, Тәжікстаннан 200 мыңнан астам, Беларусьтен – 53 мың, Түркиядан – 68 мың, Германиядан 43 мың адам ел шекарасын аттады. Осы уақыт ішінде Қазақстан арқылы 4 млн 155 мың адам шетелге кетті. Оның ішінде Ресей Федерациясының 1 млн 666 мың азаматы, 1 млн 370 мың Өзбекстан азаматы, 540 мың Қырғызстан азаматы, 196 мың Тәжікстан азаматы бар, – дейді Аслан Аталықов.
Ресей Федерациясы азаматтарының иммиграциясына кеңінен тоқталған ІІМ өкілі 2019 жылы пандемия болмаған кезде Қазақстанға 2 млн 875 мың ресейлік келгенін мәлімдеді. «Яғни сол кезде 3 миллионға жуық адам кірді. Ал биыл 9 айда 1 млн 600 мың адам тіркелді, яғни әлдеқайда аз. Десе де Ресей билігінің таяудағы шешімдерінен кейін өткен аптадан бастап Ресей Федерациясынан эмигранттар ағыны көптеген бағытта, оның ішінде Қазақстанға да ұлғайды. Сондықтан да Ресей Федерациясының шекарасы жағынан кептеліс байқалады. Бұл жерде қазақстандықтардың мүдделерін де атап өту маңызды. Күн сайын 40-қа жуық және мыңнан аса азамат Қазақстаннан шығады. Күн сайын 15-17 мың қазақстандық Ресей Федерациясына барады, онда туыстары, балалары оқиды, ата-аналары тұрады, бизнес және басқа да шаруалары бар. Яғни шекаралардағы кептеліс отандастарымызға да кері әсерін тигізуде», деді Көші-қон комитетінің қызметкері.
Қазақстанның Ресеймен құрлық шекарасының ұзындығы – 7 591 км. Бұл – әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы. Сәйкесінше, Ресей Федерациясының азаматтары үшін Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Ресми жаңалықтардан Ресей әуежайларында үлкен сұранысқа байланысты әуе билеттеріне қатысты проблемалары басталғанын аңғаруға болады.
– Транзитке келетін болсақ, соңғы бірнеше күнде Қазақстаннан Ресей Федерациясының 40 мыңнан аса азаматы кетті. Мыңдаған адам Қазақстан арқылы оңтүстік көршілеріміз Қырғызстан мен Өзбекстанға аттанды. 5 күн ішінде 6 мыңға жуық ресейлік Қазақстаннан біздің әуежайлар арқылы ұшып шықты. Көші-қон бақылауына келетін болсақ, заңнама бұл процестерді және шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібін реттейді. Олардың есебі жүргізіледі. Болу мерзімі бақыланады. Көші-қон заңнамасын бұзушыларға көзделген ден қою шаралары қабылданады, – деді А.Аталықов.