Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың жылдан-жылға артып келе жатқанына ризашылықтарын білдіріп отыр. Жуырда Глубокое ауданындағы көктемгі егіс жұмыстарымен танысқан едік. Быструха ауылының іргесіндегі ерте егілген егістік көгеріп өсіп тұрса, Кіші Үбі ауылы жанындағы алқапта жап-жаңа тракторлар жап-жаңа тұқымсепкіш құрылғыларын сүйретіп, күнбағыс тұқымын сеуіп жүр. Аталған атыздар «Шығыс бидай» ауылдық тұтыну кооперативінің еншісінде екен.
«Шығыс бидай» кооперативі өткен жылы «Быструшинское» және «Весна 2011» ЖШС-ларының қосылуы нәтижесінде құрылған болатын. Кейінгі жылдары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 30 миллион теңгеден астам жеңілдетілген несие алып жұмыс істеп жатқан кооператив жетекшілерімен сөйлескен едік.
– Осыған дейін қолда бар материалдық-техникалық құрал-жабдықтарымыз ескі болғандықтан тиімді несие алуға қолымыз жетпей жүрді. Шаруашылығымызды кеңейтудің түрлі жолдарын қарастырып жүргенде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ туралы біліп, несие алу жөнінде өтініш білдірдік. Олар бізге ауылдық тұтыну кооперативін құруды ұсынды. Осылайша, «Быструшинское» және «Весна 2011» ЖШС-лері біріккен едік. «Шығыс бидай» ауылдық тұтыну кооперативі арқылы қол жеткізген несие біздің ескі материалдық-техникалық базамызды жаңалауға, сапалы тыңайтқыштар сатып алуға мүмкіндік берді. Корпорацияның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауы жұмысты жаңа қарқынмен, өнімді атқаруға жетеледі. Жеңілдікпен алынған несие ауыл шаруашылығында еңбек ететін біз үшін үлкен көмек, – деді «Шығыс бидай» ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы, «Быструшинское» ЖШС директоры Иван Селиванов.
Иван Михайловичтің айтуынша, кооператив былтыр несиенің 8 миллион теңгелік алғашқы бөлігін алып, жиын-терін маусымынан соң жауып үлгерген. Негізі, 30 миллион теңгеден астам қаржыны бес жыл ішінде қайтармақ.
2013 жылдан бастап шаруашылыққа алғаш рет сапалы тыңайтқыш қолданыла бастады. Нәтижесінде, егістік жиыны орта есеппен гектарына 3-4 центнерге көбейді. Мәселен, бұған дейін 10-11 центнерден аспайтын күнбағыс түсімі былтыр гектарына 18 центнерді құрады.
Быструха елді мекенінде орналасқан «Шығыс бидай» кооперативі қазіргі кезде 40-тан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Кооперативтің еншісінде 1200 гектардан астам жері бар.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиал директорының орынбасары Нұржан Садықовтың айтуынша, мемлекет тарапынан корпорация арқылы 2006 жылдан бастап ауылдық тұтыну кооперативтерін несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл несиенің артықшылығы – бірнеше фермерлік шаруашылықтар мен жеке қожалықтар ауылдық тұтыну кооперативіне біріге отырып, өздерінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік алады. Аталған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктіріп әрі қарай дамыту үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ үнемі қолдау білдіріп келеді. Айталық, 2006 жылдан бері республика бойынша корпорация тарапынан 147 ауылдық тұтыну кооперативі 11 миллиард 800 миллионнан астам теңгеге қаржыландырылды. Яғни, бұл кооперативтер арқылы 6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші бірікті. Бұл бюджеттік бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысындағы 12 ауылдық тұтыну кооперативі несиелендірілген. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс көлемінде 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.