• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2014

Талайды тамсандырған туынды

363 рет
көрсетілді

«Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дейді халық даналығы. Бұл сөздің өнерге де қарата айтылғанында дау жоқ. Бұған дәлел, ұлы Абай мен Шәкәрімнің жүрегін жарып шыққан әуезді, сазды әндердің ағылшынның атақты музыканты Карл Дженкинс тамсана отырып, «Абай-Шәкәрім» ораториясын жазуы, оны тыңдаушы жұртқа ұсынуы деуге болады. Бұл туындыны жуырда Астанаға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі арнайы келіп, көрерменге қойды. «Абай-Шәкәрім» шығармасы Лондонда тұратын кәсіпкер меценат, Шығыс өңірінің тумасы, өнер жанашыры Медғат Құлжановтың қаржылай қолдау-көмегімен жазылыпты. Ал осы идеяны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолға алып, симфонияны Өскемен, Се­мей қалаларында жұртшылыққа ұсынған. Халықтың көңілінен шы­ғып, жылы қабылданғаннан кейін Абай мен Шәкәрім өлеңдерінен құ­ралған өзіндік ерекшелігі бар му­зыкалық шығарма енді, міне, Аста­на көрермендеріне де ұсыныл­ды. Бұл шараның ең үлкен пайдасы – об­лыс музыканттарының Аста­на­­ға ке­ліп өнер көрсетулері деуге бола­ды. «Әрине, Астананың талғампаз жұртшылығын таңғалдыру оңай емес, десек те, шығармашылық ұжым олардың көңілінен шығады деген ойдамыз. Абай мен Шәкәрім – күрделі композиторлар. Ал шетел композиторының симфонияға оратория жасауы үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан да бұл шараны Абай мен Шәкәрім мұраларын насихаттаудың жаңа бір түрі деп қабылдауымыз керек. Сондай-ақ, бұл өңірлер арасында тұңғыш рет симфониялық оркестр бойынша көрсетіліп отырған өнер өрісі екенін айта кетсек дейміз», деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар шығарманың шымылдығы түрілер алдында өткен баспасөз мәслихатында. Ол өз сөзінде, сондай-ақ, бұйырса, бұл шығармалар алда­ғы уақытта еліміздің өзге аймақ­тарында да жалғасын табады деген ниетте екенін жасырмады. Сонымен, Бейбітшілік және келісім сарайының концерт залында Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі орындаған тың туындыны жұртшылық ерекше ықыласпен жылы қабылдады. Шекті және дабылдық аспаптар, аралас хор, фольклорлық топ, жеке скрипка және жеке дауыстың сүйемелдеуімен қойылған ғажап шығарманы тыңдау үшін сарайға астаналық жұртшылық көптеп жиналды. Бір атап өтерлігі, Ұлыбрита­нияның атақты өнер иесі Карл Дженкинс өзінің шығармасының алғашқы бөлімін, яғни Шәкәрім симфониясын 2010 жылы жазса,­ ол осы елдің ұлттық жастар­ хоры­ Лон­донның 3 мың адам ер­кін­ сия­тын әйгілі «Roуal FestivaI­ HaII» көрермен залында қойылған екен. Кейін бұл симфония Алма­ты қаласында жергілікті оркестр­дің сүйемелдеуімен жұрт­шы­лық­қа ұсынылып, сәуір айын­да ой­шыл Абайдың әуезді әндері­мен толыққан оратория Шы­ғыс Қазақ­станның жергілікті шығар­ма­шылық ұжымының орындауымен көптің ықыласына бөленеді. Енді, міне, шалқар шабыт иесінің қазақ­тың ірі тұлғаларының шығар­мала­рының қайнар көзінен нәр алған әлемдік туындысын Астана халқы да тыңдауға мүмкіндік алды. Әрине, ұлы бабаларымыз – Абай мен Шәкәрімнің өлең- жырлары мен әндері ел арасында, үлкен сахнада орындалып, әлдеқашан халықтық туындыға айналғаны хақ. Алайда, олардың басын біріктірген тұтас симфония, әсіресе, әлем жұрты тамсанып, таңдай қағар ғажап туынды бұған дейін жазылмай келген екен. Міне, сол олқылықтың орнын дүниежүзілік деңгейде мойындалған композитор Карл Дженкинс даланың ұлы даналарының әйгілі шығар­маларының басын бір жерге тоғыстыра отырып, Абай-Шәкәрім ораториясын жазу арқылы толтыра білген. Демек, бұл музыка кеңістігін кеңіткен дүние, музыка әлеміне қосылған сүбелі үлес десек, артық айтқандық болмас. Өзгеше ораторияны тыңдаған кезде әр көрерменнің Абай мен Шәкәрім әлемінің тереңіне бойлау арқылы композитордың, ең алдымен, өзіне мол рухани күш-қуат, шалқар шабыт алғанын байқау қиын емес. Себебі, Карл Дженкинс – қазақ халқының ұлттық болмысы мен жан-дүниесін барынша түсіне отырып, еуропалық сазбен біте қайнасқан ғажап туындыны дүниеге әкелген бірден-бір композитор. Ал концерт аясында Шәкәрімнің сырлы поэзиясы мен мұңлы әндері, Абайдың ойшыл жырлары әлемдік туындының өн бойынан жаңаша сипатта өріліп, өзгеше реңкпен, өзіндік бояумен өрнектеліп жатты. Бұл ораторияны өз деңгейінде жеткізуге Шығыс Қазақстанның облыстық симфониялық оркес­трінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Александр Галсановтың, өнер училищесінің аралас хоры мен хордың жетекшілері Лейла Солтанова мен Әсел Темірованың, фольклорлық топ жетекшісі Шалқар Рысхановтың, жеке скрипкада ойнаған Ирина Карпеева­ның көп еңбек сіңіргені, қазақтың ұлттық әуені мен еуропалық әуез­дің үндесуіне өлшеусіз үлес қосқаны көрініп тұрды. Себебі, қазақ фольклорлық тобының, симфониялық оркестрдің, аралас хор мен сан түрлі саз аспаптарының басын қосу, оларды бір арнаға тоғыстыру талмай ізденіс пен үлкен шеберлікті талап ететіні анық. Бұл орайда, біз облыстың симфониялық оркестрінің өз алдына қойған белестерді сәтті бағындырып қана қоймай, Карл Дженкинстің лирикалық симфонияға құрылған Абай-Шәкәрім ораториясын бастапқы биігінен еш аласартпай орындағанына көз жеткіздік. Екі бөлімнен тұратын ораторияны тамашалауға келген қауым «Абай симфониясы» деп аталатын бөлімде – «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Заман-ай», «A-B-A-I», «Абай рухына тағзым», ал «Шәкәрім симфониясы» деп аталатын бөлімде – «Дала», «Анамнан кеткенде», «Той», «Зағипаға арналған элегия» сынды қазақ фольклоры мен дәстүрлі классика қатар үйлесім тапқан, джаз бен латынамерикалық музыканың элементтері шебер шендестірілген қайталанбас туындылардан сусындады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».