• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2014

Жалаулы жарыстар

177 рет
көрсетілді

Дзюдо. Осы күндері дзюдодан Поль­шаның Бьелско-Бьяла қаласында кадеттер арасында Еуропа кубогы жолындағы жарыс өтуде. Оған Қазақстан құрамасы да қатысуда. Біздің дзюдошылар белдесулердің алғашқы күні 5 медальді жеңіп алды. Жарыста қыздар арасында Ақмарал Науатбек (40 кг), ерлер арасында Мадияр Сембаев (66 кг) жеңімпаз атанды. Қола медальді Мағжан Шамшадин (55 кг), Гүлдана Мұрат (44 кг) пен Анар Асылханова (52 кг) иеленді. Киокушинкай-кан каратэ. Жақында Болгарияның Варна қаласында каратэнің осы түрінің 50 жылдығына арналған ерлер мен әйелдер, жасөспірімдер және ардагерлер арасында Еуропа чемпионаты өтті. Онда біздің құрамадан Темірлан Жәнібек алтын жүлдені жеңіп алды. Тағы төрт каратэшіміз Әлішер Кәрменов, Мейрам Бимжанов, Борис Аксенов пен Нұрлыхан Сәдуақасов қола жүлдені иеленді. Футбол. Демалыс күндері еліміздің 6 қаласында Қазақстанның премьер-лигасының 12-туры өтті. Осы турда екі ірі есеп тіркелді. «Ақтөбе» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, 4:0 есебімен ұтса, Павлодардың «Ертісі» Семейдің «Спартагын» 5:0 есебімен жеңді. «Қайрат» Алматыда Талдықорғанның «Жетісу» клубынан айласын асырды. Есеп – 2:1. Ал Таразға қонаққа барған Қызылорданың «Қайсары» жергілікті команданы 1:0 есебімен ұтты. Басқа екі ойын тең есеппен аяқталды. «Астана» – «Ордабасы» кездесуінде есеп 1:1болса, Қостанайда «Тобыл» мен «Атырау» командаларының арасында өткен матчта есеп ашылмады. Президенттік сынама. Сенбі күні Астанада Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында президенттік сынаманы тапсыруға арналған жарыстар басталды. Бұл сынның бірінші кезеңі 17-18 мамыр күндері өтсе, екіншісі 24-25 мамырда өтеді. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, оған 9 мемлекеттік органның және 5 агенттікке бағынышты кәсіпорын, мекемелердің 470-ке жуық қызметкері қатысуда. – Президенттік сынама тапсыру ерікті түрде өткізіледі. Оның басты мақсаты халықтың бойында саламатты өмір сал­тын қалыптастыру, азаматтардың дене дайындығын анықтау, – дейді С.Құранбек. Осы сынның бірінші кезеңінде 60, 100, 500, 1000, 2000, 3000 метрге жүгіру мен ұзындыққа секіруден жарыстар өтсе, екінші кезеңде пневматикалық винтовкадан ату, турникке тартылу мен жүзуден сайыстар өтеді.

«Егемен-ақпарат».

Қазақстандық былғары қолғап шебері  Иван Дычко әлем чемпионатынан кейін рингке қайта оралып, Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Сидней Джаксонды еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.