Шығыс Қазақстанда егіс алқаптары былтырғымен салыстырғанда 24 мың гектарға артып, орташа түсім жылдағы деңгейден төмен болмайды деп болжануда. Иә, «балапанды күзде санайды» дегендей, орақ маусымы әбден аяқталған соң нақты цифрлар белгілі болады.
Өңірдегі егістік алқаптарында орақ науқаны тамыздың орта шенінде басталған. Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, қазіргі уақытта күрішті қоспағанда дәнді және бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары қарқынды жалғасып келеді.
– Ресми статистикалық деректерге сәйкес, былтыр дәнді-дақылдар 615,6 мың гектар алқапқа отырғызылса, биыл бұл көрсеткіш 639,6 мың гектарды құрады. Осылайша, дәнді-дақылдар отырғызылатын егіс алқаптарының алаңы 24 мың гектарға артты, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.
Оның айтуынша, биыл eгic алқаптарының жай-күйі жаман емес. Жаз маусымы бастапқыда жауын-шашынсыз басталып, шаруаларды алаңдатқаны рас. Дегенмен, дақыл көктеген уақытта ылғал көп түсіп, диқандардың көңілі жайланды. Осының нәтижесінде қазір Ертістің бал бонитеті жоғары оң жағалауы мен құнары аз сол жағалауындағы егіс алқаптарынан дәнді-дақылдардың түсетін орташа түсімі гектарына 18 центнерді құрайды деп болжанып отыр.
Айта кетсек, биыл орақ науқанын Ұлан, Шемонаиха аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдары бірінші болып бастаған.
– Облыс бойынша таяуда дәнді-дақылдар 100 пайыз көлемде
жиналады деп болжанған. Атап өтер болсақ, күздік және жаздық бидай, қара бидай, арпа, сұлы, тары, қарақұмық, масақтылар қоспасы, қара бидай буданы, кептірілген бұршақты көкөністері жиналды. Жиналған астықты кептіру және сақтауда да мәселе жоқ деп ойлаймын. Өйткені облыста бар элеваторлар, астық қабылдау пункттері және ауыл шаруашылығы құралымдарының меншікті қоймалары шамамен 1 млн тонна астықты сақтауға мүмкіндік береді, – дейді Р.Сағандықов.
Жаңа өнімді өңдеу үшін облыс аумағындағы шаруашылықтарда әртүрлі қуаттылықтағы 209 механикаландырылған ток бар, олар астықты бастапқы өңдеуді қамтамасыз етеді. Бұдан басқа облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін сақтаумен қуаттылығы 327,9 мың тонна болатын лицензияланған бес элеватор айналысады.
Орақ маусымы басталған сайын қайта айналып соғатын проблемалардың бірі – жанар-жағармай тапшылығы екені бесенеден белгілі. Биыл да елімізде бұл мәселе бой көтерді. Жер-жерлерде дизель тапшылығы мен құнының шарықтауы сияқты ақпараттар тарады. Дейтұрғанмен, басқарма қазіргі уақытта өңірлердегі жанар-жағармай тапшылығының орташа деңгейде тұрғанын атап өтті. Оpaқ науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті жанар-жағармайды жеткізуге міндетті операторлар белгіленген. Атап айтсақ, бүгінде облыс бойынша осындай 20 оператор жұмыс істейді.
– 2022 жылы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің Энергетика министрлігі Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарына Павлодар мұнай-химия зауытынан 17,8 мың тонна дизель отынын бөлді. Аталған дизель отынының көлемі тамыз айына 7,4 мың тонна, қыркүйекте 7,6 мың тонна және қазан айына 2,8 мың тонна бөлінді. Операторлардың тамыз және қыркүйек айларындағы босату бағасы литріне 204-тен 212 теңгеге дейін болды. Дизель отынын бөлуде субсидиялау шаралары қарастырылмаған, – деді Р.Сағандықов.
Бұдан бөлек, облыстағы шаруашылықтардың техникалық қамтамасыз етілуі де жаман емес көрінеді. Атап айтсақ, биыл егіс алқаптарына 2 074 астық жинайтын комбайн шықса, оның 355-і өнімділігі жоғары заманауи комбайндар болып келеді. Комбайнға орташа маусымдық жүктеме 350 гектардан аспайды, яғни бір комбайнның маусымдық жүктемесі 300 мото/сағат немесе 600 гектарға дейін. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, бұл жинау маусымына арналған нормативтік жүктемеге сәйкес келеді.
Шығыс Қазақстан облысы