• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қыркүйек, 2022

Құрылыс маусымын ұзартатын қоспа

210 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жол­дауында жергілікті маңызы бар жолдарға назар аударып, бірқатар мәсе­ле­ні атап өткен болатын. Осы орайдағы мәселелердің шешімін табу мақсатында елордада Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мен «Қа­зақстан жол ғылыми-зерттеу институты»АҚ «Жол құрылысындағы инно­ва­­циялық технологиялар мен материалдар» атты көшпелі семинар өткіз­ді.

Көшпелі семинар-тренингке жол құ­рылысын жобалау және қызмет көр­сету салаларындағы мекемелер мен ма­мандар, ғалымдар, мердігер ком­па­ния өкілдері мен кәсіпкерлер, «Қаз­Авто­Жол» ҰК, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы», «ҚАЗжолҒЗИ» АҚ қыз­мет­керлері, облыс әкімдігінің өкіл­­­дері қатысты. Жиында Авто­мо­­биль жолдары комитетінің төра­ға­сы Төлеген Абдуллин сөз алып, Мем­ле­­кет басшысының 2025 жылға де­йін жолдардың сапасын жақ­сар­ту жө­ніндегі тапсырмасын іске асыру мақ­са­тындағы мәселелерді оңтайлы шешуге арналған жиынға отандық және шетелдік жол саласының білікті мамандары қатысып отырғанын айтты.

Жиын аясында ресейлік жол құ­ры­­лы­сы саласындағы мамандар ­бетонды жылдың суық мезгілінде тө­сеуге арналған ерекше қоспаны таныс­тырды. Бұл материал еліміздің климатына ыңғайлы және жол құрылысы мау­сымын ұзартуға едәуір септеседі. Атал­ған қоспаны қолдану арқасында жол құ­рылысын жүргізетін компаниялар күн­­ суытқан кезеңде де жол жабынын еш кедергісіз сапалы түрде тө­сеу­ге мүмкіндік алмақ.

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу инс­титуты» АҚ президенті Арман Алибаев­тың айтуынша, басқосуда бір­қатар ке­лісімге қол жеткізіліп, жол-құ­ры­лы­сы жұмыстарының сапасын арт­тыру бағытында инновациялық жаңа­шыл­дықтарды қолдану аясы артты.

Семинар-тренинг жұмысы «жер қыр­ты­сының төменгі қабаты және негізі», «жол жабыны», «жолды күтіп ұстау және жөндеу», «жолдағы қағидалар мен жол қозғалысының қауіпсіздігі», «көпір құ­ры­лысы және оны жөндеу жұмыстары кезінде қолданылатын материалдар мен жаңа технологиялар» бағыттары бо­йынша жүргізілді. Әр бөлімде жол инфрақұрылымы мен нысанының қыз­мет көрсету мерзімін ұзартуға және оның өнімділік сипаттамаларын жақ­сар­­туға септесетін инновациялық ма­териал­дар мен құрылыс жұмыстарын жыл­дамдатуға ықпал ететін заманауи тәсілдер жан-жақты қарастырылды.

Жамбыл облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары бас­қар­ма­сының басшысы Бақытжан Жәнібеков өз өңіріндегі жол сапасының жағ­дайына тоқталып, жиыннан мол ақпар алғанын айтады.

«Бірінші мәселе – жолдың ыл­ғал­дануы. Осының салдарынан ауыр жүк көліктерінің салмағына шыдамай мерзімінен бұрын бұзылып жатады. Облыстың жергілікті жолдары мен елді мекен көшелеріндегі жол­дарға бүгінге дейін 16 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Нормативтік сәй­кес­тігі 95 пайызды құраса, оның ішінде жақсы жағдайдағы жол – 45%, ал 50%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Болашақта 97 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Президентіміз айтқандай, жолдың жағдайына көңіл бөліп, сапасын арттыру мақсатында осы семинарға келіп отырмыз», дейді ол.

«Жол құрылысындағы инновациялық тех­но­логиялар мен материалдар» се­минар-тренингі жол-құрылысы ұйым­да­ры мен іскер топ өкілдерінің өзара тығыз қарым-қатынас орнатуына елеулі ық­палын тигізді. Айта кетерлігі, жолдың тө­сеніштік қабатының беріктігін қамта­масыз ететін материалдар көпшілік тарапынан қызығушылық туғызды. Сонымен қатар жол битумының сапасын арттырып, оның Қазақстанның түрлі климаттық жағдайларына бейімдігін қамтамасыз ететін модификациялық асфальтбетон жабынына да мамандар ықыласы ауды.