• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2014

Сахна саңлақтары сауатты ма?

558 рет
көрсетілді

Әдетте жастардың үлгі тұтар адамына айналып, көпшілігін әні мен сәні, сөйлеген сөзі арқылы «тәрбиелейтін» әншілердің көзге қораш көрінетін қылықтары, дүниетанымына кейде қарнымыздың ашатыны бар. Содан болса керек, халық арасында «Әншілер сауатсыз, олар кітап түгілі, газет-журнал оқымайды» деген пікір қалыптасқан. Бәріне топырақ шашуға болмас, бірақ... Әлеуметтік желілер жақсы болды, кейбіреулерге қол жетпес жұлдыздай болғандармен «достасып», өзара пікір алысуға мүмкіндік бар. Негізінен, «Инстаграм», «Твит­терде» белсенділік танытатын олар, өнер иелері өздеріне жазылған мақтауларға, оңды пікірлерге жауап жазбайды. Ал сынын білдіріп, тосыннан теріс пікір айтқандарға сол бойда-ақ қарымтасын қайтарады. Айталық, орфография мен орфоэпияның аражігін айыра алмайтын әншілеріміз аз емес. Бір қынжылтатыны, олар сол ән өнерінде қолданылатын сөздерді де дұрыс жаза алмайды. Басқа-басқа, продюсер сөзінің өзін екі «с» әрпі­мен жазатындарға не дейсің? Қаншама жылдан бері асырап, оларды танымал еткен фонограмма атауын да қате жазып, оған екі «м»-ды қимайтындар кездеседі. Ол ол ма, өзіміздің төл сөзіміз болмаса да, қазақ тілінің қолда­нысына әлдеқашан енген сахна сөзін «сахына» деп тағы бір сөзді «ойлап тауып жатқандардың» барын жоққа шығармайық. Мұндай мысалдарды көптеп келті­­руге болады. Белгілі әншілердің де «жаңа сөздері» жетерлік. Көгілдір экранда аңдамай сөйлеп, бірақ ештеңе болмағандай жүре беретіндер ұшырасады. Тіпті, олар­дың қатары біршама десек, қателесе қоймаспыз. Жуырда ұлттық арнадан берілетін «Білгірлер отауы» зияткерлік бағдарламасын көргенбіз. Соған қатысқан елдің аузында жүрген әншілер «Қазақтың мың әнін» зерт­теуші кім екенін білмей, масқара болғаны бар. Оны сах­на саңлақтары білмесе, басқаларға не жорық?! Бір қы­зығы, осыған ұят, ағат болды-ау деп тұрған олар жоқ. Ән­­­шілер үшін бұл қалыпты құбылысқа айналғанға ұқсайды. Расында, көркем әдебиетті былай қойғанда, күнделікті газет-журналдарды оқып тұратын өнерпаздар да сирек. Жасыратын несі бар, ел жаңалықтарынан да бейхабар. Ол сөз саптауынан байқалып қалады. Ел алдында жүрген танымал тұлғаларды мінеп-сынау ойымызда жоқ. Оларды сауатсыздардың қатарына қосудан да аулақпыз. Өйткені, бұл ақылды адамның ісі емес. Әйтсе де, оларға қарап мыңдаған жас ұрпақтың өсіп келе жатқанын ұмытпаса екен дейміз. Айбек ТАСҚАЛИ. Ақтөбе.