• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қыркүйек, 2022

«Тереңкөл тынысы» неге шөміштен қағылды?

578 рет
көрсетілді

«Тереңкөл тынысы» газетінің құрылтайшысы Алтынай Демесінова Тереңкөл аудандық мәслихатының аппараты қырын қарап, шөміштен қақты деп мұңын шағып келді. Айтуынша, аудандағы орыс тілді «Заря» басылымына басымдық беріліп, қосымша мемлекеттік тапсырыс бөліп қойған. Оған қазақ редакциясы ортақтаспауы үшін талаптар қитұрқылықпен өзгертілген көрінеді.

Жекешелендірудің екінші толқыны­на ілігіп, былтыр жекенің қолына саты­лып кеткен Тереңкөл аудандық «Тереңкөл тынысы» газетінің таралымы бүгінде небәрі 500 дана ғана. Оны Ертіс ауданындағы «Ертіс нұры» газетінің редакторы Алтынай Демесінова сатып алған. Редакцияда қызмет ететіндердің барлығы – жергілікті тұрғындар. Бүгінде құрамы небәрі 4 қызметкерден тұратын газеттің қаржылық жағдайы оңалмай тұрған тәрізді.

Жуықта мемлекеттік сатып алу порталында аудандағы БАҚ-та аудандық мәслихат аппаратының жарияланымдары мен хабарландыруларын жариялау үшін сомасы 800 мың теңгеге конкурс ойнатылды. Ұйымдастырушы Тереңкөл аудандық мәслихатының аппараты деп көрсетілген. Бір қызығы, бұл конкурстың талабында жарияланымдардың қазақ және орыс тілдерінде жарық көруге тиіс екені жазылғанымен, оған жергілікті қазақ газеті қатыса алмайтындай етіп жасалған. Яғни сипаттамасында аудан­да таралатын газеттің таралымы кемінде 1 500 дана болуға тиіс деп тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Мұндай таралым тек «Заряда» ғана барын ұйымдастыру­шы білмейді дейсіз бе?.. Ал ауданда «Тереңкөл тынысы» мен «Зарядан» өзге ақпарат құралы жоқ. Қос басылымның да жарғысында ақпаратты екі тілде басуға болатыны көрсетілген.

«Тереңкөл тынысы» газеті басшы­сының пікірінше, конкурс жариялаушы тарап мемле­кеттік тілдегі басылымды мү­йіздеп, қосымша табыстан айы­рып отыр. Ал қазақ редакциясының мемлекет­тік тап­сырыстан өзге кіріс көзі мүлде жоқ.

– Бізді қосымша қаражаттан қаға­тындай не жазып қойғанымызды білмей­мін. Былтыр қазан айында мемлекеттік тапсырыстың ақшасы бітіп қалғанда, жылдың соңына дейін әкімдік пен мәслихат материалдарын газетте тегін бастық. 2021 жылы бюджетіміз 9 млн теңгені ғана құрады. Биыл жыл басында мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа аудан бюджетінен бөлінгені 23 млн теңге екен, соның 11 млн теңгесін әупірімдеп жүріп ұтып алдық. Оның өзінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасынан хабарласып: «Тендерге тігіліп отырған қаражаттың басым бөлігін «Заря» иеленуі керек еді. Сіздер ұсыныста көп сома көрсетіпсіздер, редакцияларыңызда қызметкер саны аз, мүмкін азайтасыздар», деді. Райымнан қайтпадым, себебі екі газеттің жүкте­месі, ақпараттық беттер саны бірдей. Осылайша, екі редакцияға тең бөлінді. «Заря» – облыс бойынша жекенің қолына өтпеген, әкімдіктің қарауында қалып қойған жалғыз газет. Онда 10 адам жұмыс істейді. Жергілікті билік өкілдері мен мәслихаттың бүйрегі сол жаққа жиі бұратынын аңғарып жүрміз. Тіпті ай сайын орындалған жұ­мыс­тардың актісін жіберсек, ұзақ тек­серіп, тиесілі ақшамызды кеш аудара­ды. Мәселен, акті­ні өткен тамыз айының 11-інде жөнелт­кені­мізбен, ақшаны 2 қыркүйекте ғана түсірді. Ал көрші редакцияға 14 тамызда беріп қойыпты. Соның салдарынан редакция қызметкерлеріне еңбекақыны кешіктіріп төледім. Қызметкерлер балаларын мектепке уақтылы дайындай алмай, реніш білдірді. Осы айда көрші редакцияға конкурс арқылы қосымша қаражат бөліп, бізді тағы шөміштен қақты. Бұлай қазақ газетінің құқығын таптатып қойып қарап отыра алмаймын. Неге «Заряға» берілетін мүмкіндіктен «Тереңкөл тынысы» құр қалуы керек? – дейді А.Демесінова.

«Тереңкөл тынысына» газет ашыл­ғалы бері (2011 жылдан) редакторлық етіп отыр­ған Ербол Қамзиннің сөзіне қарағанда, редакция кадр тапшылығына ұшырап отыр. Ол ғана емес, кезінде жекешелендірудің қамытын киген Железин, Успен, Баянауыл аудан­дарын­дағы газеттерде де сол жағдай, жазатын тілші жоқ. Ербол Аманғазыұлы газетте директор, өзі және беттеуші ғана жұмыс істеп жатқанын айтып өтті. Тілшінің еңбекақысы тәуір болғанымен, орны бос тұр, ауданға келіп еңбек етуге құлықты жастар жоқ.

– Тереңкөл – орыстанып кеткен өлке. Мұнда тұратын 19,3 мың халықтың шамамен 32 пайызы ғана қазақтар. Алайда қаракөздерімізді тіл мәселесіне келгенде үш бөлікке бөлуге тура келеді. Олардың үштен бірі ғана ана тілдерінде жазып, оқи біледі. Тағы бір бөлігі ауызекі тілде қиналып сөйлегенімен, қазақша оқи алмайды. Ал өзгесі не сөйлей, не жаза білмейтіні анық статистика. Сондықтан қазақ газетінің таралымы аз болып тұруының негізгі себебі осы. Газеттің жұмысын тұрақты жүргізу үшін әкім­діктегілердің көзқарасы дұрыс болып, қолдауын үзбеуі керек. Себебі аудан бойынша мемлекеттік тілдегі жалғыз ақпарат құралы біз ғана. Бұлай жалғаса берсе, туған тіліміздің көсегесін көгерту, қазақ тілінде сөйлеушілер санын көбейту деген мәселелер жай әңгіме күйінде қалмақ, – дейді Е.Қамзин.

Мәселенің ізімен аудан басшысы Азамат Маңғұтовқа да телефон шалдық. Әкім соңғы уақытта «Тереңкөл тынысы» бойынша мәселелер қалыптасып отырғанын жеткізді.

– Қазақ редакциясы қит етсе ақша сұрайды. Жекеменшік газет болғанына қарамастан біз қолдауды үзбейміз. Біздің біраз шағымымыз бар: аудан өмірін қамтып жазбайды, кейбір материалдарды уақытында баспайды. Редакция ұжымы газеттің таралымын арттырумен дұрыс шұғылданбайды. Осының барлығы түптеп келгенде газет құрылтайшыларының қазіргі мақсаты тек табыс табу ма деген ойға жетелейді. Шынын айту керек, «Тереңкөл тынысының» қазіргі жағдайы мүшкіл. Таралымын көбейтіп, оқырман санын еселеу үшін жұмыс жүргізілуге тиіс деп есептейміз. Егер «Заря» газетін жекеменшікке жіберетін болсақ, қазақ редакциясын мүлде тасада қалдырып, барлық конкурсты сол иеленіп кете ме деген де қауіп бар. Қазір қазақтілді жұрттың қатары көбейіп келеді. Аудан орталығында оның үлесі 50 пайызға жетті. Оңтүстіктен өз ағайындарымыз көшіп келіп жатыр. Осының барлығы жаңа оқырмандар санын іздеп табуға үлкен мүмкіндік, – дейді Азамат Тоқтамысұлы.

Түптеп келгенде, «Тереңкөл тынысы» газетіне аудан басшылығының қам­­қорлығы ауадай қажет. Қазір еліміз бойын­ша баспахана шығындары еселе­ніп, қым­батшылық қысып тұрған уақыт. Осындай кезеңде қолдау болмаса, редакция өз өміршеңдігін сақтап қалуы екіталай.

 

Павлодар облысы,

Тереңкөл ауданы