Президент сайлауы 20 қарашада өтетіні белгілі. Саяси бәсеке жақындаған сайын елдегі партиялар да іске белсене кірісе бастады. Парламенттен орын алған үш партия осы қарсаңда кезектен тыс съезін бір күнде өткізетінін хабарлады.
Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов кезектен тыс XXIV cъезі 6 қазанда Астана қаласында өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Съезд жұмысына еліміздің барлық аймағынан делегаттар қатысады. Орталық аппарат өңірлік филиалдармен бірге дайындық шараларын қолға алды.
Сондай-ақ «Ақ жол» партиясы Ұлттық кеңесінің төралқасы биыл 6 қазанда партияның құрылтайын шақыру туралы шешім қабылдады. Жиын барысында партия төрағасы Азат Перуашев, төраға орынбасарлары Қазыбек Иса бастаған бірқатар депутат сөз сөйледі. Сонымен қатар 5 қазанда партия Ұлттық кеңесінің Пленумын өткізіп, құрылтайдың күн тәртібі бойынша ұсыныстарын талқылау жоспарланды.
Партияның орталық аппаратына облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы «Ақ жол» ҚДП филиалдарынан делегаттардың съезде өкілдік ету нормасы бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Аталған филиалдар бір апта ішінде облыстық, қалалық конференциялар өткізіп, құрылтай делегаттарын сайлауы керек. Ал 6 қазандағы жиында «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан президенттік сайлауға кім түсетіні туралы шешім қабылданады.
Бұдан бөлек, Парламентте фракциясы бар Қазақстан Халық партиясының Бюросы да 2022 жылғы 6 қазанда Астана қаласында партияның
кезектен тыс XXI съезін өткізу туралы шешім қабылдады. Съезд жұмысына еліміздің барлық өңірінен делегаттар қатысады. Орталық аппарат партия филиалдарымен бірлесіп, съезге дайындық шарасына кірісті.
Бүгінде Amanat-тың ел аумағындағы 4 мыңнан астам бастауыш партия ұйымының мүшелері партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасын талқылап жатыр. Сондай-ақ БПҰ отырыстарында партияның аумақтық филиалдарының конференцияларына қатысатын делегаттар сайланады.
Мәселен, партия ұйымының жиналысында сөз сөйлеген Алматыдағы №4 қалалық перзентхананың акушері Тамара Хван отбасының әл-ауқаты мен ұлт саулығы сынды бағыттардың маңыздылығын атап өтті. «Партиялықтар өздерінің бағдарламалық құжаттары мен бастамаларында денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру мәселесін үнемі назарға алып отырады. Осылайша, олар азаматтарымызға іс жүзінде қамқорлық көрсетіп келеді», деді Т.Хван.
Ал «Қызылорда магистралдық желі бөлімшесі» бастауыш партия ұйымының мүшесі Сабыр Бимұхамедов жаңа бағдарламалық құжат партиялықтардың басым көпшілігінің көзқарасы мен пікірін біріктіретінін айтады. Бұл жайында ол: «Барлық өңірден ұсыныс жинау және әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы партиялықтардың құжатқа қатысты өз пікірін білдіруіне мүмкіндік берілді. Жалпы, Amanat еліміздің басты саяси күші бола отырып, әрбір азаматтың мүддесін қорғауды жалғастырып жатқаны қуантады», деді.
Павлодарда БПҰ мүшелері қалалық трамвай басқармасы базасында облыстық мәслихаттағы партия депутаттарымен бірге жаңа Тұғырнаманың негізгі басымдығы азаматтардың әл-ауқатына бағытталғанын атап өтті. «Том-том құжатты зерттеп отыратын уақытымыз жоқ», дейді ол. «Біз үшін қарапайымдылық пен қолжетімділік маңызды. Ал жаңа Саяси тұғырнаманың жобасы осы қағидаттарға сай келеді. Партия жұмысында адам мен оның әл-ауқатына негізгі басымдық берілетіні біз үшін өте маңызды», дейді Д.Махмұдов атындағы трамвай депосы кәсіпорнының қызметкері Сайлаубек Асыханов.
Павлодар облыстық мәслихаты Amanat фракциясының мүшесі Серік Жартыбаев жаңа құжат қатардағы партиялықтардың мыңдаған пікірін қамтитынын атап өтті. «Жергілікті ақпараттық технологиялар колледжінің директоры ретінде мен үшін осы Тұғырнамада балаларымыздың мектепке дейінгі тәрбиесінен бастап, барлық деңгейдегі білім беру саласына ерекше назар аударылғаны маңызды. Партияның бүкіл саяси платформасы Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған», деді фракция мүшесі.
Өз кезегінде Қарағанды облысындағы «Мемлекеттік мұрағат» БПҰ жетекшісі Елена Черная жаңа тұғырнама – заманауи талаптарға жауап беретін партияның басты идеологиялық құжаты екенін атап өтті. БПҰ жиындарының қорытындысы бойынша партияның аумақтық филиалдарының конференцияларына қатысу үшін делегаттар сайланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін мәлімдеген еді. Негізі Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс болатын. Қ.Тоқаев жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет деп санайтынын жеткізді. Бұл қадам азаматтардың әл-ауқатын арттыру және елді өркендету жолындағы ортақ жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді.
«Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді. Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», деді Қ.Тоқаев.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы саяси бәсеке бұрынғы сайлаулардан өзгеше болмақ. Қ.Тоқаевтың ұсынысымен Президент өкілеттігі мерзімінің саны және ұзақтығы қайта қаралды. Осылайша, Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектелді. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынды.
Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауда айтқан ұсынысынан кейін іле-шала Парламентте осы мәселе қаралған. Осыған орай «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Онда президенттік өкілеттікті 7 жылдық бір мерзіммен шектеу мәселесі кеңінен талқыланды. Бұл бастаманың артықшылығы неде?
Біріншіден, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтып өткендей, «7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең». Екіншіден, қабылданған конституциялық жаңалық билікті монополияландыру қаупін айтарлықтай азайтады. Себебі мемлекет тізгінін ұстаған адамның қайта сайлануға үміті болмайды. Сондықтан бүкіл күш-жігерін өзіне берілген жалғыз мүмкіндікке арнап, мемлекеттің мүддесі, халықтың қамы үшін игі істер атқаруға тырысатыны сөзсіз.
Қысқасы, алдымызда күрделі әрі жауапты саяси науқан тұр. Себебі тоғызыншы территорияның тізгінін кім ұстайтыны 20 қарашада белгілі болмақ. Оған дейін екі айға жуық мерзім бар. Саяси додада кімнің оза шабатынын уақыт көрсетер. Бастысы, оған дайындық жұмыстарына партиялар белсене кірісіп кетті.