Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияны құру, кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін белгілеу туралы мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ сайлаушылар тізіміне қатысты ұйымдастыру және президенттікке кандидаттың сайлау қоры туралы сөз болды.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республиканың сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар 11 827 277 азамат енген.
Уақытша тіркелген азаматтар, тіркеуі жоқ азаматтар, сондай-ақ сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтыны белгiлi болса, сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Жатақханаларда тұратын, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндiзгi оқу нысанында оқитындар сайлаушылардың тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін.
Лингвистикалық комиссияның құрылуы туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын бес адамнан тұратын тіл мамандары мен басқа да мамандар кіретін лингвистикалық комиссияның қорытындысымен анықталатынын хабарла- ды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, мемлекет президенттікке үміткерлердің бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларын жариялауы үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік береді. Заң бойынша үміткерлерге өз бағдарламаларын БАҚ-та насихаттауы үшін: теледидарда – 15 минут; радиода – 10 минут; мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан аспайтын екі мақала жариялауға қаражат бөлінуі көзделген. Бұдан бөлек, республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге; үгіт материалдарын шығаруға; көлік шығындарына қаражат қарастырылған. Президенттікке кандидаттың әрқайсының шығын мөлшері 10 312 600 теңге көлемінде белгіленген.