Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында білім беру жүйесіне ерекше назар аударды. Мұның ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратынын да атап өтті. Әсіресе мектепке дейінгі тәрбие жұмысына назар аударғаны қуантты.
Шынында да, Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. «Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестаттау қажет», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтқандары көпшіліктің көкейінде жүрген дүние еді. Сондықтан мұны біз, балабақша тәрбиешілері жақсы қабылдадық. Сондай-ақ Президент осы арқылы тәрбиешілерге жүктелетін жауапкершіліктің қаншалықты зор екенін де аңғартты.
Жалпы, қазіргі заман ағымы тәрбиешілерден жан-жақтылықты талап етеді. Білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп отырмаса, бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Рас, соңғы уақытта әлеуметтік желілерден балабақшаларда балаларды ұрып-соғу оқиғаларын байқап қалып жүрміз. Қоғамдағы қызу талқыланатын тақырыптардың да біріне айналып барады. Осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін тәрбиешіге артылатын жауапкершілікті арттыру керек. Сондықтан тәрбиешіні аттестаттау – орынды қадам.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Оқу-ағарту министрлігі келесі жылдан бастап Президент тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25 пайызға өсетінін хабарлады. Сондай-ақ балабақша тәрбиешілері толтыруға міндетті құжаттардың саны азаятыны туралы да айтылды. Біздіңше, мұндай жаңашылдықтардың бәрі тәрбиешілердің жұмысына оң әсер етеді.
Бұған дейін Жолдау секілді іргелі стратегиялық құжаттарда балабақшаға қатысты дүниелер жалпылама ғана айтылатын. Бұл жолы нақты тапсырмалар берілді. Сондықтан алдағы күннен үлкен үміт күтіп отырған жайымыз бар.
Шолпан РАХИМОВА,
№23 мектепке дейінгі гимназия тәрбиешісі
ЕКІБАСТҰЗ