Бұл күндері әлемнің әр қиырында теннисшілердің халықаралық турнирлері өтуде. Бақ сынаушылардың қатарында Қазақстанның да ойыншылары бар.
Дмитрий Попко Буэнос-Айрестегі жарыстың алғашқы айналымынан сүрінбей өтті. Тай-брейкке дейін жеткен бірінші сетте жерлесіміздің бағы жанса, екіншісінде Сантьяго Родригес Таверна біздің жігіттің тас-талқанын шығарды. Десек те шешуші тұста ширақ қимылдаған Попко жеңісті корт қожайынының уысынан жұлып әкетті – 7:6, 0:6. 7:5. Бұл бәсекенің жеңімпазын анықтау үшін 2 сағат 40 минут уақыт қажет болды. Тимофей Скатов Лиссабондағы турнирдің тұсаукесер кездесуінде испаниялық Ориоль Рока Батальямен күш сынасты. Аса шиеленісті өткен ойын 2 сағат 52 минутқа созылып, отандасымыздың пайдасына шешілді – 7:6, 7:6.
Софияда АТР 250 додасының шымылдығы түрілді. Бастапқы бәсекеде Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұбы Филипп Освальд (Аустрия) пен Робин Хаседен (Нидерланд) басым түсті – 6:3, 7:6 (7:5). Пармада чехиялық Джесика Малечковамен жұп құрған Анна Данилина Эмили Эпплтон (Ұлыбритания) мен Куинн Глисонды (АҚШ) ойсырата ұтып, ширек финалға шықты – 6:1, 6:0.