• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2014

Мейіргер басқаға бағынышты емес

611 рет
көрсетілді

Халықаралық мейіргерлер кү­ніне орай Астанадағы Ұлттық кардио­хи­рургиялық орталықта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мейіргер ісі мен кәсібінің дамуындағы әлемдік тенденциялар заманауи денсаулық сақтау жүйесіндегі мейіргерлер рөлінің айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бұрын мейіргер саладағы орта буын қызметкер еді. Дәрігерге бағынып, өзінің кәсіби іс-әрекетін тек дәрігердің басшылығымен атқарып жүретін. Бүгінгі таңда нақ осы мамандыққа қатысты пайда болған  теория мейіргерді тәуелсіз шешім қабылдай алатын дәрігердің тең дәрежелі әріптесі ретінде қарастырады. Әрине бұл ғылыми негізделген, тәжірибеде дәлелденген теория. Мұнда медициналық қызметтің тиімділігін арттыру үшін  дәрігер мен мейіргер мамандардың кәсіби командасы тең дәрежеде қызмет көрсету керектігі тұжырымдалған. Сол үшін қазіргі күні мейіргер дайындау тек қана колледждерде емес, бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде де іске асып жатқан жайы бар. Әлемдік тәжірибеде жоғары білімді мейіргер мамандар 50-60 пайыздық көрсеткішті құрайды екен. Ал елімізде жағдай қандай? Мейіргер шын мәнінде дәрігердің тең дәрежелі әріптесі ме? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Сол үшін кешегі өткен жиында мейіргерге көзқарасты өзгертудің үлкен бастамасы деп түсіндік. Жиынды Денсаулық сақтау министрлігінің Мейіргер ісі жөніндегі одағының басқарма төрағасы, министрліктің мейіргер ісі бойынша штаттан тыс бас маманы Сұлтан Сейдуманов жүргізді. Ол өз сөзінде мейіргер ісі бойынша академиялық бакалавриаттың 2007 жылы, ал магистратураның 2011 жылы енгізілгенін, қазіргі таңда елімізде бір жарым мыңнан астам жоғары білімді мейіргерлердің бар екенін, бірақ, олардың функционалды міндеттері халықаралық стандарттарға сай келмейтінін, оларды қызметке орналастыру мен мансаптық өсуінің тетігі шешілмегенін, ал, жалпы мейіргерлердің жұмысы ауыр, жалақысы төмен екенін айтып өтті. Қазіргі таңда елімізде мейіргер, лаборант, фельдшер, т.б орта буын мамандардың саны 160 мыңнан асатын болса, соның 110 мыңы мейіргерлер. Дамыған елдер сияқты оларды дербес қызметкер ретінде тану, өз іштерінде басқару вертикалін жасау, білім ордаларында мейіргерді мейіргердің оқытуын, сондай-ақ, жалақыларының өсуін қамтамасыз ету, мансаптық өсуіне мүмкіндік беру – бұл жүйе ішіндегі өзекті мәселелердің қатарында. Айта кетейік, конференцияда еліміздегі мейіргерлер ісіне қатысты отандық және Финляндия, Литва елдерінің мамандарының, медициналық қауымдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.  Елімізде Мейіргер ісін дамыту бойынша 2020 жылға дейін қабылданған Тұжырымдаманы мақұлдаған қарар қабылданды. Қарар бойынша мейіргер кәсібін реформалық жолмен дамыту көзделіп отыр. Қоғамда «мейіргер – дәрігердің көмекшісі» дейтін қалыптасып қалған көзқарас бар екені жасырын емес. Сондықтан мейіргерге деген көзқарасты түбегейлі өзгерту үшін үлкен реформаның қажет екені кешегі жиында бірауыздан мақұлданды. Гүлсім Әлібаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бас мейіргері: – Бұл жиыннан үлкен нәтиже күтемін. Қазіргі таңда мейіргер кәсібінің маңызын арттыру өте өзекті. Адамдардың көбі алғашқы медициналық-санитариялық көмек кезінде мейіргер қызметіне жүгінеді. Аурудың алдын алу жұмысында да мейіргердің еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, соңғы кездері пайда болған скринингтік бағдарламалардың барлығын дерлік  мейіргерлер жүзеге асыруда. Менің ойымша, дәрігер мен мейіргер қызметінің аражігі айтарлықтай ашық болуы керек. Ешкім-ешкімге тәуелді болмай, өз қызметтерін адал атқарса деген ниеттемін. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».