Елімізге Ресей азаматтарының жаппай келуіне байланысты шекарада қалып қойған қазақстандықтар үшін «жасыл дәліздер» жасалады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Кеше мен Ресей Федерациясының вице-премьерімен келіссөздер жүргіздім, себебі шекараның арғы жағында ресейліктермен қатар Қазақстан азаматтары да елге кіре алмай тұр. Азық-түлік тиелген жүк көліктері де бар. Ресейлік әріптесім тиісті жағдай жасады, бүгін шекара қызметтері бір-бірімен сөйлеседі. Біз ең алдымен өз азаматтарымыз бен азық-түлік машиналары үшін «жасыл дәліздерді» қамтамасыз етуге тырысамыз», деп жауап берді Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысындағы журналистердің сұрақтарына.
Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде «жасыл дәліздерді» 29-30 қыркүйек аралығында ұйымдастыру жоспарлануда.