• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2014

Электронды коммерцияның үлесі артады

299 рет
көрсетілді

Астанада ASTEX-2014 Халықаралық көрме-конференциясы өз жұмысын бастады. Жыл сайынғы дәстүр бойынша биылғы жылы да көрмеге шетелдік спикерлер – ірі компаниялардың басшылары, инвесторлар, бизнес-тренерлер, әлемдік интернет-бизнестің ойыншылары, сарапшылар қатысуда, деп хабарлады Байланыс және ақпарат агенттігінің баспасөз қызметі. Көрме-конференцияның ресми ашылу салтанатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атынан Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев қатысушыларға алғысөз арнады. Төраға электрондық коммер­ция­ның дамуы үшін инфра­құрылымдық құрал саналатын ақпараттық ком­муникациялық технологиялар (АКТ) саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтып өтті. Атап айтқанда, «Ақпараттық Қазақстан-2020» мем­лекеттік бағдарламасында қарас­тырылған кешенді іс-шараларды жүзеге асырудың, байланыстың жаңа технологияларын енгізудің, байланыс пен интернеттің жылдамдығын арттырып, қызмет бағасын арзандатудың арқасында 2020 жылға қарай электрондық коммерцияның жалпы тауарлар мен қызметтер на­ры­ғындағы үлесін 10%-ға жеткізу көзделуде. Шақырылған қонақтардың арасынан Cars.com-ның негізін қалаушы және Оңтүстік Корея президентінің кеңесшісі Янг Им Чо, рейтингтік көрсеткішке сәйкес АҚШ-тағы екінші электрондық коммерция нарығының қатысушысы – NewEgg компаниясының бас директоры Роберт Беллак, Cybersecurity Malaysia компаниясының бас директоры А.Охаб сөз сөйледі. Айтып өткен жөн, мамырдың 19-20-сы күндері «Қазмедиа орта­лығындағы» Халықаралық көрме-конференция аясында Силикон алқабының жаңашылдары өздерінің баяндамаларын көпшілік назарына ұсынады. Сондай-ақ, ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылады. ASTEX-2014 шарасы шеңберінде элек­трондық коммерция және логис­тика, электрондық бизнес сала­сын­дағы инновациялық өнімдер, B2C және B2B-де АКТ саласын да­мыту мәселелері талқыланып, голо­графиялық визуалдаудың соңғы технологиялары, 3D-принтерлер мен АКТ саласындағы өзге де жаңа­шылдықтар ұсынылады. Конференцияның алғашқы күні арнайы шақырылған спикерлер е-коммерциядағы соңғы үрдістер туралы әңгімелеп берді. MuckerLab, eBay, TripAdvisor негізін қалаушы Эрик Раннала Кремний алқабындағы ритейл технологиясына инвестиция тарту құпияларымен бөлісті. Ал, тағы бір танымал ментор – EyeFinder компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Оле Айкхорн өнімді тү­сірілген суреттің көмегімен ви­зуальді іздестірудің пайдалы техно­ло­гия­лары туралы әңгімелеп берді. «АКТ дамыту қорының» бас дирек­­торы Санжар Кеттебеков «оң көз­қа­растағы аудиторияның құны қанша?» деген сұраққа жауап қайтарды. «Мобильді инфокоммуника­ция­лар»: 4G мобильді құрылғысын қолданушылардан бастап M2M бірге қоғамның, индустрияның және өмір сүру салтының радикалды трансформациялануына (түрленуіне) дейінгі коммерциялық сервистерді дамыту келешегі көпшілік талқысына түсетін арнайы тақырып болды. «Болашақтың мобильді экожүйесі қандай?» деген тақырыпқа арналған бөлімде «Қазақтелеком» АҚ-тың төрағасы К. Есекеев, «Altel» АҚ-тың басқарма төрағасы М.Сауранбеков, TeliaSonera компаниясының департамент директоры Д.Оберг және басқа да спикерлер өз ойларын ортаға салды. «Ақылды логистика» тақы­ры­бын­дағы пленарлық сессиядан соң сарапшылар дөңгелек үстел басына жиналып, «ҚР е-коммерцияның шұ­ғыл дамуының алғышарттарын» талқылады. ASTEX-2014 көрме-кон­фе­рен­циясын Байланыс және ақпарат агенттігі, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі»АҚ, «АКТ дамыту қоры» КҚ ұйымдастырып отыр.