• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2014

Бюджет қаржысын пайдаланудағы олқылықтар

359 рет
көрсетілді

Парламент Сенатында Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Депутаттардың алдында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин баяндама жасады. Б.Сұлтанов жыл қорытындысы бойынша екі нақтылауды есепке ала отырып, республикалық бюджетке түсетін түсімдер жоспары 100,6 пайызға немесе 5 272,4 миллиард теңгеге атқарылғанын айтты. Үкіметтің есебі бойынша кірістер іс жүзінде 2012 жылмен са­лыс­тырғанда, 7,8 пайызға өскен. Бюд­жетке кірістер 5 179,5 миллиард теңге сомасында немесе 100,5 пайыз түскен. 2013 жылға арналған рес­пуб­ликалық бюджет шығыстарына қатысты айтар болсақ, олар 5 990,5 миллиард теңгені немесе жоспарға 99,3 пайызды құрайды. 2012 жылмен салыстырғанда, оның өсімі 194,8 миллиард теңгені құрады. Республикалық бюджет шы­ғыс­тарының құрылымында негізгі үлесті әлеуметтік сала шығыстары алып отыр – 2 336,4 миллиард теңге немесе 36,0 пайыз, оның 1 239,9 миллиард теңгесі зейнетақылар мен жәрдемақыларды құрайды. Қаржының 42,9 миллиард тең­гесі пайдаланылмай қалған. Қ.Жаңбыршин 2013 жылғы рес­публикалық бюджеттің атқарылуы туралы негізгі қорытындыны айта отырып, бюджет қаржысын тиімді пайдалануды арттыру, бюджет қаржысының мақсатты және атау­лы пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, республикалық бюд­жет қаражатының атқарылуын жетілдіру және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру туралы ұсыныстар айтты. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетті бірнеше мәрте нақтылап, түзетулеріне қарамастан 2013 жылғы республикалық бюджет қаржысын пайдалану барысында тиімділіктің жетіспеушілігі орын алды. 2014 жылғы 1 қаңтарда орталық мемлекеттік органдар 43,2 миллиард теңгені игермеді, жергілікті атқарушы органдар игерілмеген және өз мақсатына пайдаланылмаған 26,0 миллиард теңге мақсатты трансферттерді бюджетке қайтарды. Квазимемлекеттік сектор су­бъектілерінің есепшоттарындағы қалдық қаражат 62,6 миллиард теңгені құрады. Есеп құжаттарының таныстырылымы барысында сенаторлар жергілікті бюджеттердің кіріс базасын одан әрі жетілдіру, мемлекет активтерін басқару тетіктері, ат­қарушылық тәртіптерді бұз­ғаны үшін жауаптылық, қар­жы мониторингі жүйесінің пәрмен­­ділігі, салық және кеден әкім­ші­лен­дірулерінің тиімділігін жетілдіру, жұмыс орындарын ұлғайту мәселелерін көтерді. Есептерді талқылау Парламент Сенаты Қаржы және бюджет коми­тетінің төрағасы Рашит Ахметов жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасатын болды.