Төтенше жағдайлар министрлігінің төтенше жағдайлардың алдын алуы және оларды жою саласындағы 2013 жылдағы және үстіміздегі жылдың І тоқсанындағы қызметінің қорытындылары туралы есебі кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен Үкімет сағатында тыңдалды.
– Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында халықтың әлеуметтік қауіпсіздігі және оның тұрмыс жағдайы әлеуметтік саясаттың басты бағыты ретінде айқындалды. Жолдауда қойылған талаптарға сәйкес, Төтенше жағдайлар министрлігіне бірқатар мемлекеттік міндеттер қойылған және іске асып келеді, – деді вице-спикер. Бұл мәселелер депутаттар назарында екенін мәлімдеген С.Дьяченко осы жылдың сәуірінде «Азаматтық қорғау туралы» негізгі және ілеспе заңдар қабылданғанын және халыққа қажет заңға Елбасы қол қойып, күшіне енгенін қаперге салды.
Бұдан кейін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко сөз алды. Министр 103 422 кәсіпкерлік объектіні (жеке кәсіпкерліктің 65 пайызын құрайды) тексеру тоқтатылғандығын жеткізді.
Әсіресе, өрт қауіпсіздігі саласындағы тексерулер 46 пайызға, ал өнеркәсіптік тексерістер 42 пайызға азайған. Жалпы, 2013 жылы ТЖМ күштері 6 748 адамды құтқарып, төтенше жағдайлар аймағынан 6 651 адамды эвакуациялаған және 3 667 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіпті.
Министр жыл бойына әр тәулікте 100-ден 450-ге дейін шақырулар орын алғандығымен де бөлісті. Дей тұрғанмен, 2012 жылмен салыстырғанда, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар 2013 жылы 17,6 пайызға, оның салдарынан зардап шеккендер – 13,3 пайызға, қаза тапқандар саны 15,9 пайызға азайыпты. Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда көз жұмғандар саны 16,6 пайызға, ал зардап шеккендер 7,1 пайызға төмендеген. Бұл ретте қыс мезгілінде республика жолдарында 14 423 адам мен 5 366 бірлік автомобиль техникасы эвакуацияланғанын да айта кету керек.
Ал тасқынға қарсы режімде жұмыс істеген Көксарай су реттегіші 3 млрд. текше метр су жинағаны белгілі болып отыр. Есіл өзенінің тасқынды суларынан елорданы қорғау мақсатында Астана (Вячеславск) су қоймасы арнасынан 120 млн.-нан астам текше метр су асып кеткендіктен, оны кешен сыйымдылығына қайта құю жүзеге асырылған. Бұдан басқа, апаттар медицинасы және санитариялық авиация жүйесін дамыту жалғасуда екені де аталмай қалмады. Апаттар медицинасы орталығы есепті кезеңде 3 305 шығу жасады, 4 054 зардап шеккенге медициналық көмек көрсетті, емдеу мекемелеріне 1 213 адам жатқызылған.
Республикалық маңызы бар авариялы автомобиль жолдары учаскелерінде жұмыс істеп жатқан 12 күре жол медициналық-құтқару пункттеріне қоса, тағы 14-і пайдалануға берілгендігін жеткізген министр олардың күштерімен есепті кезеңде 903 шығу жүзеге асырылып, 2 680 зардап шеккенге көмек көрсетілгендігін де қаперге сала кетті.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде санитарлық авиацияны дамыту мақсатында 14 ЕС-145 тікұшағы мен 2 Ка-32 тікұшағы сатып алынса, тікұшақтар әр облыс орталықтарында тәулік бойы кезекшілікте тұрады екен. Үш медициналық пойыз 2013 жылы барлық облыстардың 300 шалғай стансасының 64 418 тұрғынының денсаулығын тексеріпті. Апаттар медицинасының теміржол госпитальдарында 2013 жылы 57 258 ауру емделсе, 2 миллион адам қаралып, 12 361 операция жасалғаны мәлім болды.
ТЖМ тез ден қою күштерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2013 жылы 4 бірлік ЕС-145 тікұшағы, 166 бірлік өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасы сатып алынған. Министрлік қызметкерлері тұрақты негізде Көкшетау техникалық институтында, Ақтөбе өңірлік орталығында, Азаматтық қорғаудың республикалық оқу-әдістемелік орталығында біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өтеді. Барлығы 252 адам, 99 курсант Мәскеу, Санкт-Петербург және Минск қалаларындағы ТЖМ институттарында оқуда. Және де Алматы қаласында өрт сөндіру-қолданбалы спорт бойынша 10-шы әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр екен.
Министрлік 6 ірі зілзаладан зардап шеккен шет мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетіпті. 2013 жылы Гватемалаға, Ауғанстанға, Ливанға, Шри-Ланкаға ақшалай баламада тамақ өнімдері түрінде 978 мың АҚШ доллары шамасында көмек көрсетіліпті. Ауғанстанға 1 миллион 985 мың 917 доллар көлемінде тамақ өнімдері жөнелтілсе, Ресейдің Благовещенск қаласында 240 орынға арналған балабақшаны салуға 379,3 миллион теңге бөлінген.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин аталған тақырыпқа қосымша баяндама жасады. Комитет төрағасы Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында қар суынан елді мекендердің зардап шеккендігін жеткізіп, Қарағанды облысындағы жағдайды еске салды. Осыған орай су қоймаларына мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында тиісті нормалар енгізіліпті. Сонымен қатар, ауылдық аймақтар өрт сөндіру бөлімшелерінен алшақ орналасқандықтан, олардың қызметі жете бермейтіндігі де аталмай қалмады. Сондықтан да қосымша өрт сөндіру орындары құрылып, судан құтқару стансаларының жұмысы бір ретке келтірілуі тиіс.
Баяндамалар аяқталысымен депутаттар министрге көптеген сұрақтар қойып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Отырысты Мәжіліс Төрағасының орынбасары қорытты.
Сөз соңында айтарымыз, Үкімет сағаты ұзаққа созыла қоймады. Оған министрдің жан-жақты дайындалып келгені себеп болды. Оның үстіне, депутаттық корпус бұл саланың дамуына әрқашан заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсететіндігін де білдіріп жатты. Артынан Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».