• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 30 Қыркүйек, 2022

Ньютонды түпнұсқада оқитын мұғалім

277 рет
көрсетілді

Әсілі, ұстаздар туралы сөз қозғай қалсақ, Мағжанның «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздікі» деген ұлы сөзі көмейге келіп, кептеліп тұратынын несіне жасырайық. Ұлы тұлға айтып кеткен ғасырлар бойы айнымайтын аксио­ма. Бұдан соң бірдеңе деудің өзі – артық. Бірдеңе деудің өзі – қайталау. Тек бізге қалғаны – мұны түпсанамен түйсініп, жүрек түбіндегі құрмет-қошеметті еселей түсу. Бүгінгі біздің үйдің еркесі – елдің ертеңгі серкесі екенін ұғынсақ, оны ұлт тұтқасы қылатын осынау ұстаздар екенін естен шығармау.

Қарағандыда Нығмет Нұрмақов атын­дағы дарынды балаларға арналған маман­дандырылған лицей-интернат бар. Бұл мектеп оқушыларының бәй­ге­ден қанжығалары бос қайтқан кезі жоқ. Өйткені мұнда білімнің мәйегін ішкен ұстаздар қызмет етеді. Атағынан ат үріккендей білім ошағы бүтін рес­пуб­ликаға танымал. Мұнда жаратылыс пәндері бойынша қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерінде білім беретін мамандар жиналған. Полиглот шәкірттері де білім бәсекесінде шаң қауып көрген емес.

Ағылшын тілінде физика пәнінен сабақ беретін Ерсін Әділбаевтың есімі өңірге мәлім. Еңбек жолын Жезқазған қаласындағы №3 Білім және инновация лицейінде бастаған Ерсін Бекежанұлы – қазіргі таңда ағылшын тілінде физикадан дәріс беретін республикадағы бірден-бір тренер. Көптеген республикалық, халықаралық байқаудың жеңімпазы. Атап айтқанда, «Кәсіби мұғалімдер желісі» Қарағанды облыстық бай­қа­уы­ның жүлдегері, Science on Stage Qazaqstan 2018 республикалық фес­ти­валінің жеңімпазы. Сол бәсекеде Пор­тугалия мемлекетінде өтетін халық­ара­лық фестивальға жолдама алғанын да айтқан ләзім. Мұның сыртында түрлі деңгейдегі мадақтамалары аз емес.

Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Ерсін Жезқазған қаласындағы Ө.Бай­қоңыров университетінде физика мамандығы бойынша білім алған соң еңбек жолын еш ойланбастан мұ­ға­лім­дікке арнаған екен. Үш тілде білім алудың қажеттігін, оның кең өріс аша­ты­нын ұғыныпты. Содан өз бетінше ағыл­­шын тілін меңгеруге кіріскен екен.

– Физика мамандығын бітіріп, ағыл­шын тілін оқуға кірістім. Сол уақытта үш тілде білім алу туралы мемлекет бағ­­дарламасы шықты. Физика, химия, био­­логия, информатика – төрт пәнді үш тілде беру саясаты мені қатты қы­­зық­тырды. Өз бетімше ағылшын тілін үйренуге кірістім. Бас кезінде кур­с­тарға барып, кейін оқулықтарды оқып, ағылшын тілін үйреніп алдым. Ағыл­шынды академиялық деңгейде мең­гердім. Ол деңгейім сабақты толық ағыл­шын тілінде беруге жеткізді. Жал­пы, әр адам үшін өзіндік жұмыс аса маңызды рөл атқарады. Жас мамандарға ағылшын тілін меңгеруді ұсынар едім. Тіл меңгеруден қашпау, қорықпау қажет. Физиканы ағылшын тілінде түсіндіруге ынтам күшейіп, Жезқазғандағы білім және инновация лицейіне жұмысқа орналасып, мол тәжірибе жинақтадым. Себебі онда сабақ 100 пайыз ағылшын ті­лінде өтеді. Балалардың алдына шы­ғып, сабақ түсіндіргенде ағылшын тілімнің деңгейі сыналғанын несіне жа­сырайын. Жалпы, балалардан асқан психолог жоқ дегенге келісу керек. Әрі балалар әр мұғалімнің дамуына зор көмекші. Сол жылдары осыны түсіндім. Төрт жыл еңбек ету барысында көптеген жоба жасадық, біршама жетістікке жеттік. Шәкірттеріммен әлі күнге дейін хабарласып отырамыз. Одан соң Нығмет Нұрмақов мектебінде де ағылшынша сабақ берілетінін біліп, осында ауыстым. Әрі «Өзіңді өзгерту керек. Бір орында отыра бермеу қажет» деген қағидатты ұстанамын. Бір орында 15-20 жыл тапжылмай жұмыс істеу – тиімсіз. Дамуға кедергі. Оның соңы – мұғалімдіктен жа­лығуға әкеліп соғады. Сондықтан қыз­мет орнын ауыстырған жөн. Ол жаңа орта – өзіңнің жаңа қырыңды ашуға мүмкіндік береді, – дейді Ерсін.

Әлбетте, ұстаз еңбегінің көрсеткіші – шә­кіртінің жетістігі. Шәкірттері рес­пу­б­ликалық, облыстық олимпиадалар­да жүлделі орын алып жүргенін мек­тебі мақтаныш тұтады. Ерсін Беке­жанұлының бір алғыр шәкірті Бексұлтан Шәріп Өзбекстанда өткен Ахмад әл-Ферғани атындағы физика пәнінен халықаралық олимпиадада қола медальді иеленді. Мұнда әлемнің 20 елінен IPhO рейтингінде көш бастап тұрған 100-ден астам оқушы бақ сынасқан еді. 20 ел арасынан физикадан суырылып шығу оңай емес. Команданың үздік бестіктің қатарынан табылуы құрамның сапасын аңғартса керек-ті. Одан бөлек, О.Жәутіков атындағы халықаралық олим­пиадада жеңіске жетуі де берілген білімнің таразысы іспеттес.

Бүгінде Ерсін Н.Нұрмақов мектебінде арнайы жабдықталған шағын зертханада түрлі жобаларды жасауға шәкірттерін жұ­мылдырып келеді. Мақсаты – шәкірт­те­рінің халықаралық білім додасында бақ сынап, оза шабуына мүмкіндік беру.

– Біз, мұғалімдер – ұйымдастырушы ғанамыз. Баланың қабілет-қарымын байқап, оның дамуына ықпал етеміз. Ал баланың биіктерден көрінуінде мектептің, ата-ананың, ұстаздың бір­лескен еңбегі бар. Ол – тек ұстаздың же­ңісі деп кесіп айтуға болмайды, – дейді Ерсін Бекежанұлы.

Осы оқу жылында білікті ұстаздың қабілет-қарымын аңғарған басшылық Ерсін Бекежанұлын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп бекітті. Мектеп ұжымы Ерсіннің ізденімпаздығы мен еңбекқорлығын ерекше айтады.

– Ерсін – жас та болса, білімімен топ жарған, шәкірттерінің алды халықаралық байқауларда жүлделі орын алып жүрген ұстаз. Еңбек жолы он жыл ғана, бірақ республикалық, халықаралық деңгейде жетістікке жетуі – оның дарыны мен талантын айғақтаса керек, – дейді мектеп директоры Сейфүлмәлік Сұлтанов.

 

Қарағанды облысы