• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 30 Қыркүйек, 2022

Инфляция экономиканы тежейді

277 рет
көрсетілді

Экономика мәселелері туралы айтыла бастағанда, оны ақтап алатын себеп­тер де қарастырылады. Мәселен, Қазақстанның жер көлемі тым үлкен, ал халық саны аз. Географиялық-демографиялық теңсіздік жағдайында эконо­­мика лайықты деңгейде дами қоймайды. Біз әлі жас елміз, сондықтан әртарап­тандыру енді басталады. Үшінші себеп – Ресей мен Қытай арасында қы­сылып қалдық, геосаяси ахуал орнықты дамуға мүмкіндік бермейді. Бі­рақ мұ­ның бірде-бірін дәлелді уәж деуге келмейді. Неге екенін сәл соңыра тарқаталық.

Кәсіпкер Елдар Әбдіразақовтың айтуынша, елімізде экономиканың құрылымы үш деңгейге бөлінеді – ресурстық, тендерлік және нарықтық.

«Бірақ нарықтық экономиканың барлық постулаты тендерлік және ресурстық ұстанымдарға қайшы келеді. Экономика дамуы үшін Қазақстанға басымдықты анықтау керек. Жалпы, кірістің 80 пайызын алатын 11 жаһан­дық сектордың бізде үш ірі секторы бар. Бір қызығы, экономикамызда өнімсіз жұмыспен қамтылғандар көп. Қарасаңыз, ресурстық сектор халықтың үш пайызын ғана жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Үкіметтің 2000 жылдан бері білім және медицина салаларындағы жұмыспен қамтуды арттыруға ұмтылуы ішкі сапаның өсуіне және құрылымдық өзгерістерге әкелген жоқ», деді ол Kazakhstan Growth Forum-да сөйлеген сөзінде.

Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпке қабілеті бар 9 млн-нан аса адамның тек 1 миллионы ғана экономиканың тәуір секторларында жұмыс істейді. KustoGroup басшысы Еркін Тәтішевтің айтуына қарағанда, Қазақстан 20 жылын бекерге өткізіп алды. Мемлекет пен жеке сектордың айырмашылығы жер мен көктей болып кеткен.

«Біз бір-бірімізді түсінбейміз және тыңдамаймыз. Халықтың 75 пайызы, 14,5 млн халық кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Мемлекет 30 жылда 75 пайыз кедей адамды шығарды. Экономикалық қиындық коэффициенті бойынша Эфиопия мен Гондурастың орта­сындамыз. Мемлекеттік басқару коэф­фициенті бойынша да солармен бір қатар­дамыз. Посткеңестік елдер ішінен Беларусь қана бізден төмен тұр. Осыншама жиналған проблема ешқайда жоғалып кетпейді», деді Е.Тәтішев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев та кедейлікті Қазақстанның ішкі саяси басты тәуекелі деп есептейді.

«Қазақстандық арманды орта тапсыз құру мүмкін емес. Өйткені орта тап – адамдардың белгілі бір құндылықтары бар жан-жақты база. Бізде орта тап жоқ және 30 жыл бойы болған да емес. Кедейлік, орта таптың жоқтығы сияқты проблемалармен бірге «жоғалған ұрпақ» проблемасы да бар. Жоғалған ұрпақ – «Ескі Қазақстаннан» да, «Жаңа Қазақстаннан» да өз орнын таба алмайтын ондаған мың жас», дейді Д.Сәтпаев.

AIX басқарма төрағасы Ренат Бектұровтың пікіріне ден қойсақ, Қазақстанның алдында бірнеше стратегиялық сын-қатер тұр.

«Оның біріншісі – тек біздің аймақта (Орталық Азия) ғана емес, оның шекарасынан тыс жерлерде де қақтығыстың өршіп жатқаны. Бұл әрі қарай әлем экономикасына да әсер етеді. Екіншісі – инфляция өсімі. Әрине, бәрі де бағаның өспеуін қалайды. Бірақ қазіргі геосаяси жағдайда инфляция тек жоғарылай береді, биыл да, келер жылы да. Ақша құны да қымбаттап жатыр. Бірер күн бұрын АҚШ ФРЖ есептік ставкасын 0,75 пайызға көтерді. Яғни доллардағы тәуекелсіз ставкалар да өсті деген сөз. Бұл ставкаға қаржы институттары тәуекел үшін тағы да сыйлықақы қосады, сөйтіп ақша құны өсіп шыға келеді. Бұл өз кезегінде өңіраралық инвестициялық таласқа әкеліп соқтырады. Әсіресе дамушы елдерде. Демек, біздің өңірге халықаралық инвестицияны әкелу оңай бола қоймайды», дейді сарапшы.

Ал Қазақстандағы IFC өкілі Екате­рина Бенджамин экономикадағы мемлекет үлесіне алаңдаушылық білдірді.

«Экономиканы әртараптандырып, елдің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа көздерді табу қажет. Инфляциядан бөлек тағы бір түйткіл – транспорттық дәліздерді дамыту мәселесі. Қазақстанда теңізге шығудың балама жолы жоқ. Жүк тасымалының 90 пайы­зын қамтамасыз еткен «Солтүс­тік дәліз» санкция астында қалды. Қа­зір мемлекет реэкспорттық елге айна­лып бара жатыр. Қазақстан ауыл шаруа­шы­лығына ден қою арқылы өз эконо­микасын әртараптандыра алады. Тамаша жерлер бар, сол жерлерде ауылшаруашылық өнімдерін егіп, сата аламыз. Бірақ бізде ірі кәсіпорындар жоқ, ал бары өте шашыраңқы, басы бірікпеген. Қазақстандағы реформалар тым баяу жүріп жатыр. Сондай-ақ Жер кодексін де реформалау керек. Мәселен, бізде ауылшаруашылық жерлерін шаруалар меншігіне бере алмайсыз. Көршілес Өзбекстан осындай қадамға барып жатыр және бұл жағдай олардың ауылшаруашылық дамуында көрініс табуда», деді Е.Бенджамин.

Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының мүшесі Бақытжан Сағынтаев Ресейдегі 100-ден астам компания Қазақстанға ауысуы мүмкін екенін айтты.

«Өз кеңселері мен өндірістерін Қазақстанға көшіргісі келетін 100-ден астам компания релокациясы бойынша өтінімдер қарастырылып жатыр. Бұл ретте Қазақстан үшін артықшылықтар бар: бұған дейін Ресейге тасымалданбай келген тауарлар енді экспорттала бастайды. Тіпті үлкен көлемде смартфондар да Ресейге сатыла бастады», дейді ол.

Қалай болғанда да бизнес қауым­дастық Үкіметтен әртараптан­дырылған саясат күтеді.

Басында айтқандай, бізде үш тұжы­рым тым кемшін қалды – әділдік, жанашырлық және тазалық. Ірі биз­нестің барлығы дерлік монополияланды және әлеуетті бизнес өкілдері лезде ұсақ-түйек кәсіпкерлерге айналып кетті не толықтай жанышталды. Мемлекетте маңызды тетіктерді ұстаған азаматтар тарапынан елге жанашырлық болған жоқ. Билік бір тарапта, халық екінші тарапта қала берді. Керек болса, бұл тенденция әлі жалғасып жатыр. Халық өз күнін өзі көріп жатыр...

Тазалық дегеніміз – ластанудың анто­нимі. Ал бізде ластанбаған құры­лым аз. Егер жемқорлықтың иісі болатын болса Қазақстан әлдеқашан ула­нып қалған болар еді. Бірақ біздің сана­мыз уланды. Әлгіндей форумдар тектен-текке өткізілмейді, азаматтар бекер пікір таластырмайды. Әуелі, сананы дерт­тен айықтыру керек. Озық, еркін с­аналы елде ғана экономиканы талқылау азаяды.