• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2014

Мүдделер мен мүмкіндіктер тоғысы

368 рет
көрсетілді

Қазіргі ақпараттық кеңістікте Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа қатысты мәселелер ең көп қозғалатын тақы­рыптардың біріне айналды. Мұның себебін, сөзсіз еуразиялық интеграция идеясымен түсіндіруге болады. Әрине, аталған одақтың құрылуын қоғамның әрбір азаматы өзінің жеке көзқарасы тұрғысынан әртүрлі түсінеді. Ал мамандар интеграция үдерісі негізінде аймағымызда маңызды геостратегиялық, геосаяси, экономикалық және геомәдени бетбұрыстардың болып жатқанын алға тартуда. Кеше Тәуелсіздік сарайында Де­мо­кра­тиялық күштердің «Қа­зақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы отырысында осы мәселе талқыланды. Жиынды ашқан «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Еліміздің саяси партиялары мен ірі қоғамдық ұйымдары мүше­лік ететін коалиция аса өзекті мәселе бойынша әралуан мүд­делерді тоғыс­тырып, мемле­кеттік бастамалардың ашық талқы­лануын қамтамасыз ететін, сол арқылы елдің бірлігі мен тұрақтылығына қызмет ететін үнқатысу институты», дей келе, пікірлесу алаңына өзек болған Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты өз пікірін жеткізді. Бұл туралы ол былай деді: «Әрине, еуразиялық экономикалық интеграция мәселесінің әрбір қазақ­стан­дықты толғандыратыны бел­гілі. Бұл ретте біз осындай орта­да күн тәртібіндегі мәселе төңі­ре­гінде қоғамда туындап отыр­ған барлық сауалдарға жауап беріп, оларды халыққа түсіндіріп, жет­кізуді қамтамасыз етеміз деген үмітіміз бар». Б.Байбек, сондай-ақ, өз сөзінде 1994 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еура­зиялық кеңістікте интеграциялық бірлестік құру жөнінде бірегей бастама көтергенін, сол уақыттан бері Қазақстан Президентінің стратегиялық идеясы кезең-кезең­мен іске асырылғанын атап өтті. «Мәселен, 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартқа қол қойылды. 2010 жылдан бері Кеден одағы жұмыс істей бастады, ал 2012 жыл­дан бастап Қазақстан, Бела­русь және Ресей елдері өзара ық­палдастықтың үшінші кезеңі – Біртұтас экономикалық кеңістікке өтті. 28 сәуірде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде Қазақстан Президенті Еуразиялық одақ «өзара тиімділік пен әрбір қатысушы елдің прагматикалық мүдделері ескеріліп, еріктілік, тең құқылық принциптеріне сүйен­генде ғана өз нәтижесін бере­тін­дігін» айтқан болатын. Енді, міне, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шарт­қа қол қою көзделіп отыр. Инте­гра­цияның түпкі мәні – елі­міздің серпінді дамуын және әлеу­меттік-экономикалық тұрғыда жаң­ғыруын қамтамасыз ету мақса­тында «мүмкіндік терезесін» айқа­ра ашу», деді бұл орайда Б.Байбек. Жиын барысында ол, сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізге 160 млрд. доллар­дан астам тікелей шетелдік инвес­тициялар тартылғанын, ІЖӨ екі есеге дейін ұлғайғанын, еліміз­дің алтын-валюта қоры 100 млрд. долларға жеткенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, 3 мемлекет – Қазақстан, Беларусь және Ресей Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өз кәсіпкерлері үшін 2,2 трлн.-нан астам АҚШ доллары көлемінде жалпы мөлшері 170 миллионды құрайтын на­рық­қа жол ашса, олардың бірлес­кен импортының көлемі 360 млрд. долларды құрайтын болады. «Түптеп келгенде, тең тере­зелі эко­номикалық интеграция одағы­нан айрықша кедендік, тран­­зит­тік жеңілдіктерге, қар­жы на­­рығына, қомақты тауар сұра­­ны­сына ие болатын отан­дық биз­нестің, өнімдердің әртүр­лілігіне, олардың сапасының артуына, яғни бәсекелестік бағаға, осы­лар­дың нәтижесінде әл-ауқат өсіміне қол жеткізетін қарапайым тұты­ну­шы – халықтың ұтары сөзсіз. Бұл Елба­сының 2050 жылға дейін ме­же­леген стратегиясының да бас­ты мақсаты», деді ол бұл ретте. Б.Байбектен кейінгі сөз Пре­мьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қазақстанның Интеграция мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевқа берілді. Ол өзінің сөзінде: «20 жыл бұрын Мемлекет басшысы Еуразиялық одақты қалыптастыру идеясын жұртшылыққа ұсынғаны белгілі. Бүгінгі күні бұл іс жүзінде жүзеге асып келе жатқан Елбасының стратегиялық көзқарасы болғанын анық сеніммен айта аламыз. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік құрған біз енді Еуразиялық экономикалық одақ құрудың қарсаңында тұрмыз. 29 мамырда үш мемлекеттің президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоюды көздеп отыр. Бұл маңызды шараға дайындық жұмыстары бұрыннан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді», деді. Ол, сондай-ақ, 2011 жылдың қараша айында Қазақстан, Беларусь және Ресей басшылары 2015 жылғы 1 қаңтарда Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің халықаралық шарттарын қабылдап, соның негізінде Еуразиялық экономикалық одақ құру міндетін белгілегеніне тоқталды. «Сол уақыттан бері шарттың жобасын дайындау, жетілдіру және келісу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Ол қазіргі уақытта қол қоюға дайын», деді Б. Сағынтаев. Осылай дей келе, ол бүгінгі таңда қоғамда «үштіктің» интеграциялық үде­ріс­терінің әсерінен елдің егемендігіне қандай да бір нұқсан келу тұр­ғы­сында көп пікір айтылатынын, алайда, мәселенің байыбына тереңдеп бармай жатып, қандай да бір байлам жасау дұрыс еместігін алға тартты. «Біріншіден, Еуразиялық эко­номикалық одақ – саяси бірлестік емес. Шарттың өзегінде тек эко­номикалық ықпалдастық мәсе­лелері ғана көрініс тапқан. Сон­дықтан, біз алдағы уақытта да бұл одақтың саясилануына жол бер­мейміз. Екіншіден, бұл одақ ая­сында мемлекеттер «барлығына бірдей», «тең құқылық» секілді ұс­танымдарды негізге алуы тиіс. Яғни, одақ комиссиясының мү­ше­лері қандай да бір мәселені ортақ консенсус аясында шешуі қажет. Ал консенсуспен мемле­кет басшылары бекіткен мәселелер түй­інделіп отырады», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Жиын аясында сөйлеген сөзінде Б.Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін де Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатын одан әрі жүргізіп, түрлі халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдастығын дамыта беретінін жеткізді. «Бүгінгі күннің өзінде біз интеграциялық үдерістердің оң нәтижелеріне көз жеткізіп отырмыз. Мәселен, 2013 жылы «үштік» елдерінің арасындағы тауар айналымы 24 млрд. доллардан асып жығылды. Ал жалпы, алғанда 2009 жылдан осы уақытқа дейін Кеден одағына мүше серіктестермен арадағы тауар айналымы 88,3 пайызға өскен. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Себебі, бізде кондитерлік өнімдердің экспорты – 3 есеге, трансформаторлар экспортының көлемі – 11 есеге, цемент экспорты – 16 есеге, Беларусь пен Ресейге шағын тоннажды жүк көліктерінің экспорт көлемі 17 есеге артып отыр. Бұл әлі де келтіруге болатын мысалдардың тек кейбірі ғана. Демек, бізге сауда бәсекелестігінде ұтылып келеміз деп айтудың қажеті жоқ», деді бұл ретте ол. Отырыс аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаев, Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема Шәукенова, экономист Ғалым Байназаров, Салық төлеушілер қауымдастығы кеңесінің төрайымы Жаннат Ертілесова сынды сарапшылар да сөз алып, еуразиялық интеграция төңірегінде ой бөлісті. Жиын соңында Демократиялық күш­тер­­дің «Қа­зақ­стан-2050» жалпыұлттық коали­ция­сының үндеуі қабылданды (Үндеу бө­лек жарияланып отыр). Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».