• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 30 Қыркүйек, 2022

Бизнесті қаржыландыру бағдарламасы

575 рет
көрсетілді

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен шағын және орта бизнес субъектілері үшін өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру бағдарламасын іске қоспақ. Бағдарлама Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ШОБ субъектілерін қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған.

Бағдарлама бойынша қаржыландыру­дың жалпы көлемі 50 млрд теңгені құ­рай­ды. Бағдарламаның негізгі шарттары: қар­жы­ландыру мерзімі – 10 жылға дейін; сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 3 пайыз; қаржыландыру сомасы – 80 млн теңге­ден 3 млрд теңгеге дейін; жоба бастамашысы­ның жеке қатысуы – жоба құнының кемінде 15  пайызы.

«Өңдеуші өнеркәсіптің отандық кәсіп­орындарына лизинг және кредит беру құралдары арқылы қаржыландыру ұсыны­лады. Бұл ретте кредит сомасы лизинг сомасы­нан аспауға тиіс. Жобаларды қарау ке­зінде негізгі назар импортты алмастыру­ға және экспортқа бағдарлануға, яғни өнімдері ішкі нарықтың сұранысын жабатын және елдің экспорттық әлеуетін өсіруге мүм­кіндік беретін кәсіпорындарды қолдауға ба­ғыт­талады», делінген қор хабарламасында.

Өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржы­ландыру бағдарламасын іске асыру өңдеуші өнеркәсіптің шағын және орта кәсіпорындарының негізгі құралдарын жаңартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етеді.

Бағдарлама бойынша және қаржылан­дыру алуға өтінімдер жасау мәселелері бойынша толық ақпаратты «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-дан мына телефондар арқылы алуға болады: 8 (7172) 79-63-15, 8 (7172) 79-63-11.