Павлодар – картопқа жарыған өңір. Аймақта жыл сайын кемі 600-700 мың тонна картоп жиналып, дені экспортқа кетеді. Биыл жаздан бері көкөніс өсірушілер жарты млн тоннадан астам өнім жинаса, түйнегі алынбаған танаптардың көлемі әлі де 27 пайызды құрап отыр. Яғни биыл «екінші нан» тағы да аста-төк болады.
Егіс даласында күні-түні дамыл таппай жүрген Ертіс өңірінің диқандары келесі аптада жиын-терім жұмыстары аяқталады деп болжап отыр. Жалпы, қазірге дейін жоспардың 96 пайызы орындалды. Облыстың ауылшаруашылық тауарын өндірушілері 1 млн 351,3 мың гектардан дәнді дақылдар мен көкөніс түрлерін жинауда. Бұл өткен жылғыдан 138,3 мың гектарға артық. Барлық егістің басым бөлігін астықты дақылдарды құрайды – 951,5 мың гектар. Майлы дақылдар – 288 мың, картоп – 24,9 мың, көкөністер мен бақша дақылдары – 9,3 мың, жемшөп дақылдары – 77,6 мың гектар. Гектарынан орташа алғанда 9,8 центнер өнімділікті көрсеткен дәнді дақылдар көлемі науқан нәтижесінде шамамен 1 млн 17 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Өзге де өнімдер бойынша түсім өткен жылдың деңгейіндегідей. Астық жинауда Успен, Ертіс және Железин аудандарында өнімділік жоғары, гектарынан 10-11 центнерден айналып отыр.
Шаруашылықтардың дерегіне сүйенсек, картоп жылдағыдай рекордық көлемде алынады. Облыс жұртшылығының сұранысынан 11 есеге көп жиналатын «екінші нанның» тым болмаса оннан бір бөлігін келер жылдың жазына дейін сақтау әзірше мүмкін болмай тұр. Қоймаға салынған өзіміздің картоп мамыр айында таусылып, еліміздің оңтүстік өңірлерінен қымбат бағаға сатып ала бастаймыз. Бұл жылма-жыл қайталанатын құбылыс. Осы жылдан аймағымыз өнімнің бұл түрін тоңазытқышта сақтаудың тәжірибесін енгізген еді. Алайда салқындатқыш құрылғылардың аздығынан жергілікті тұтынушыларды толық қамтамасыз ету мүмкін емес.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев шаруашылықтарда қазіргі күні жалпы сыйымдылығы 413 мың тонна болатын 140 көкөніс қоймасы барын айтады. Оның 88 пайызы заманға сай жабдықтармен жарақталған. Салқындатқышпен жабдықталған қоймалардың санын арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия бөлуді қарастыруда.
– Көкөніс өсірушілердің дені картопты бірден сыртқа сатып жіберуге дағдыланған. Қазір көбі өнімді егіс далаларынан тиеп қоя береді. Онда картоптың килосы 90-100 теңге, сәбіз 60-70 теңгеден босатылуда. Бұл – әрине, өте арзан баға. Егер қоймамыз жеткілікті болса, шаруалар өнімді ұзақ уақытқа сақтап, оңтайлы кезеңде тиімді бағаға сатар еді. Биыл да рекордық көлемде картоп аламыз, оның басым бөлігі суармалы жерлерден жиналуда. Кейбір шаруашылықтар гектарынан 330-335 центнерден алып жатқанын хабарлады. Аймақтың картоп өсірушілерімен жылдағыдай меморандум жасалып, қыста және көктемде оны арзан бағада сату мүмкін болады. Жәрмеңкелерде килосы 100 теңгеден сатылуда, – дейді ол.
Екінші жағынан алғанда өңірде картопты қайта өңдеу кәсіпорындары мүлде жоқ. Крахмал шығаратын зауыт салу туралы мәселе көтерілгелі біраз уақыт өтті. Жоба сөзбұйдаға салынып, созылып кетті. Бұған дейін картоп чипсыларын шығаратын өндіріс те ашылады деп күтілген. Алайда шетелдік инвесторлар қаржы салуға жүрексініп отыр. Сондықтан павлодарлық картоптың әзірше бағы ашылмай тұр.
Тағы бір мәселе, Ертіс-Баян өңірі диқандарының «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» бидайға белгілеген бағаға көңілдері толмай отыр. Мәселен, 3-класты бидайға форвардтық сатып алулар қазіргі күні тоннасына 120-125 мың теңге деп белгіленген. Бұл баға жаңа жылға дейін сақталып тұратыны анық. «Абай» атындағы ЖШС басшысы Николай Миллердің пікірінше, биыл бидайдың бағасы кемінде 150 мың теңгеден басталуы керек.
Жаздың құрғақ болуына байланысты керекулік бидайдың қамырлылық көрсеткіші орташа алғанда 25-26 пайызды құрап отыр. Былтыр бұл шамамен 23,6 пайызды көрсеткен. Ылғалдылық көрсеткіштері де жақсы. Сондықтан баға жоғары болуға тиіс.
«Көктемде тұқым бағасы, тыңайтқыштар мен гербицидтер, техника сайманы шарықтап шыға келгені мәлім. Егіннің әр гектарына шаққанда биыл астықтың өзіндік құны қымбатқа түсті. Әрі жазда жауын-шашынның аз болуынан түсім де онша емес. Ала жаздай тер төккен еңбегіміздің жемісін тиімді бағаға сатқымыз келеді. Қазір нарықта бидай көп болуына байланысты баға да арзан. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұстанып отырған баға старттық баға екенін түсінеміз. Менің ойымша, қазіргі жағдайда жұмсақ бидайдың тоннасы – 150 мың, қатты бидайдың құны 200 мың теңгеден басталуы керек», дейді фермер.
Әрине «Абай» сынды ірі шаруашылықтардың бидайды біраз уақытқа сақтап, баға қымбаттағанша ұстап тұратындай мүмкіндігі мол. Мәселе, астықты жинаған соң бірден сатып жіберуге бейіл ұсақ шаруа қожалықтарына қатысты. Олар ылғал жапқаннан бастап орақ жүргізгенге дейін астық өсіру шараларына өте көп шығындалады. Қолдағы бар қаржысын жұмсап қойғаны себепті күзде табысқа бірден кенелуді ойлайтындар арзан бағаны қомсынбайды. Сондықтан алғашқы бетте нарықта зардап шегетін де солар.
Сарапшылар қаржысы бар іргелі фермерлік шаруашылықтар қазіргі бағамен бидай сатпайтыны анық дейді. Себебі астықтың өзіндік құны өскенімен қоймай, оны тасымалдау шығындары да артқан. Соған орай өнімнің қымбаттағанын барлығы асыға күтеді. Астық бағасы жыл соңына дейін біраз құбылғанымен, ол аса қымбаттай қояды деу күмәнді. Ал тоннасына 150 мың теңгеден басталатын тиімді баға тек келер жылдың басында, нарықта бидай азайғанда бой көрсетуі мүмкін.
Павлодар облысының аумағында бүгінде жалпы сақтау сыйымдылығы 277,3 мың тонна болатын лицензияланған 6 астық қабылдау кәсіпорны бар. Олар – «Жолқұдық элеваторы» ЖШС, «Шарбақты элеваторы АТО» ЖШС, «Павлодар нива» ЖШС, «Арго» фирмасы ЖШС, «Ертіс Агро» ӘКК ЖШС, «Group KSM» ЖШС. Барлық элеватор жаңа егіннің астығын қабылдауға дайын. Қазірдің өзінде астық қабылдау орындарында 50,8 мың тонна астық бар делініп отыр.
Өңір картоп, сәбіз, ет, сүт өнімдері, ұн, қарақұмық жармасы, макарон өнімдерімен өзін толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Павлодар облысы