АСТАНА. 20 мамыр. Шымкент мұнай өңдеу зауытын модернизациялау мен қайта жөндеуге Қытайдың Экспорт-импорт банкі Қазақстанның даму банкіне 1 млрд. доллар көлемінде несие береді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Хабарламада көрсетілгендей, аталған несие жөніндегі нақты келісім Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 19-21 мамыр аралығындағы Қытайға ресми сапары барысында екі елдің мемлекет басшыларының қатысуымен өткен кездесуде бекітілді.
Бұл несие елімізге Шанхай Ынтымақтастық ұйымының мүшесі болғанымыз үшін жеңілдетілген түрде ұсынылып отыр. Келісімге «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының төрағасы мен Қытайдың Экспорт-импорт банкінің басшысы қол қойды.
Сонымен қатар, Қытай Мемлекеттік даму банкі Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы банкаралық бірлестігі аясында еліміздегі шикізаттық емес сектордағы жобаларды қаржыландыруға 500 млн. доллар ұсынбақ.
Жалпы, Қытай қаржы институттарымен арадағы қарым-қатынас 2008 жылдан бастау алған. 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға ресми сапары барысында Қазақстан Даму банкі мен көрші елдің Экспорт-импорт банкі арасында энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыруға байланысты 5 млрд. бөлінген. Бүгінде бұл қаржының 3,1 млрд. доллары толық игерілсе, ал 500 млн. доллары алдын ала қайтарылған.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: primeminister.kz.
Фото: news.nur.kz.