• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 30 Қыркүйек, 2022

Елдегі 654 мектепте шахмат таңдау пәні ретінде енгізілді

515 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичті қабылдады. Кездесуде Президент оқушылар арасындағы шахмат қозғалысын дамытудың маңызды екеніне тоқталды. Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Халықаралық шахмат қауымдастығының президенті Аркадий Дворковичпен оқушылар арасында шахмат қозғалысын дамыту бойынша ынтымақтастықты талқыладым.   Шахматты насихаттау, оқыту әдістемесі, басқа елдердің тәжірибесін зерттеу, сондай-ақ мұғалімдерді даярлау мәселелерін талқыладық. Аркадий Дворкович пен Қазақстан шахмат федерациясындағы әріптестеріміз министрліктің бастамаларын қолдап, балаларды шахмат ортасына тарту жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді», деп жазды А.Аймағамбетов Фейсбук парақшасында.   Оның айтуынша, қазір мектептерде «Шахмат» факультатив пәнін енгізу және шахмат бойынша қосымша секцияларды ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.   «Дене шынықтыру бойынша үлгілік оқу бағдарламасының бөліміне «Шахмат», «Тоғызқұмалақ» және т. б. оқу енгізілді. Оқу жылы басталғалы бері шахмат таңдау пәні ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. Ал мектептердегі шахмат секцияларының саны 7 мыңнан асып, 60 мыңнан астам бала оларға қатысуға мүмкіндік алды. Бұл жұмысты әрі қарай да белсенді түрде дамытуды жалғастырамыз.   Қосымша білім беру ұйымдарындағы балаларды да шахмат ойнауға үйрету мәселесі ұмыт қалған жоқ. Онда балаларға арналған 3,5 мыңға жуық шахмат үйірмесі құрылған», делінген жазбада.   Сондай-ақ ол шахмат қозғалысын дамыту үшін кадрлармен қамтамасыз ету мәселелеріне көп көңіл бөлінетінін айтты. Бүгінде бұл шектеуші факторлардың бірі.   «Біз федерациямен осы бағытта жұмыс істеуге уағдаластық. Сондай-ақ оқу-әдістемелік құралдарды, арнайы порталды дайындау, шахмат турнирлерін өткізу және жаттықтырушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Турнирлер мен түрлі жарыстарды өткізу маңызды. Биыл шахматтан «Ақбозат» республикалық турнирі өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен 2-11 сынып оқушылары қатысады. Мектеп лигасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді ол.   Бұдан соң, министр жергілікті атқарушы органдардың балаларға қосымша білім беруге арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыруы үшін заңнамалық норма бекітілгенін сөз етті.    «Біз үшін мүмкіндігінше көп баланың шахмат сабақтарына қатыса алуы маңызды. Оқу орындарында барлық қажетті шара қарастырылған шахматты дамытудың арнайы Жол картасы дайындалды. Қазір қазақстандық шахматшылардың, әсіресе, әйел шахматшылардың әлемдік аренада өз орны бар. Жас ұрпақтың үлгі алар тұлғасы бар екені сөзсіз. Олар - атақты спортшылар Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева және т.б.   Бір күн бұрын атыраулық 13 жастағы оқушы Зарина Нұрғалиева шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ол Румынияда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ тағы 2 қазақстандық шахматтан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Олар - 18 жасқа дейінгі ұлдар арасында Қазбек Нөгербек күміс жеңіп алса, 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында Аңсат Алдияр қола жүлдегер атанды. Болашақта шахматтан Дүниежүзілік олимпиадаларда оқушыларымыздың есімдерін бірнеше рет еститінімізге сенімім мол», деп жазды Оқу-ағарту министрі.