Жуырда Ибрахим Ағытай бастаған экспедиция Ахмет Байтұрсынұлының жүрген жолымен жүріп өтіп, өмірдеректеріне қатысты біршама тың дүниелер тауып қайтты. Мәселен, Абай облысының қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығынан Ахметке қатысты бір жапырақ құжаттың көшірмесін алып келді. Бұл – 1918 жылдың 3 наурызында Ә.Бөкейхан қол қойып, Алашорда мөрі басылған Алаш ресми хаты (бланкі).
Бұл құжаттың сырына үңілген жанға көп мәліметтер ашылары анық.
– Орынбордағы Керуен сарай кешенінде осында тұратын Ахмет Байтұрсынұлының туыстарымен кездестік. Алаш ардақтысының жиені Ақаш (Әбілқасым) Жолмырзаұлы Балмағанбетов Октябрь ауылында тұрады екен. Ол Ақаңның әкесі Байтұрсынның кіші інісі Ерғазының ұлы Жұқанның қызы Нұрзипадан туады. А.Байтұрсынұлы құрастырған «23 жоқтауда» «Ерғазының жоқтауы» деген жоқтау бар. Ерғазы – Ақаңның өмірінде орны ерек адам. Айдауға кетіп бара жатқан Байтұрсын баласын оқуға беруді осы інісіне аманаттайды. Інісі аманатқа қиянат қылмайды. Сөйтіп әкесінен тірідей айырылған Ахмет Торғай мектебінің шәкірті атанады. Нүрзипа – Ерғазының немересі», дейді ақсақал.
Экспедицияның тағы бір олжасы Ақаң алғаш еңбек жолын бастаған қазіргі Ақтөбе облысы Алға ауданының Қарағаш ауылынан табылды. Ибрахим қарияның айтуынша, мұнда Ақаңды мұғалімдікке шақырған Ахметкерей Қосуақовтың үй-жайы, мектебінің орны бертінге дейін тұрған.
– Ұрпақтары іргетасының орнын көрсетіп берді. Ақаңның табаны тиген орыннан тәбәрік деп тас алып, қоржынымызға салдық. Оны кейін Торғайдағы музейге табыстадық. Қарағаштың тұрғындары Алаш қайраткерінің есімін айрықша құрмет тұтады. Ауылдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп түлектерінің кемеңгердің мүсінін орнатуы соның айғағы. Ақтөбе жерінен тапқан олжамыздың зоры – Ақаңның қызы Шолпанның өз қолымен жазған хаттары болды. Асылдың сынығының сиясы тамған құнды деректерді қарт қаламгер Ибадолла Асқаровтан алдық. Бұл құжаттарға сүйенсек, Алаштың ардақты ұлы 1937 жылы 8 желтоқсанда атылған. Болжам бойынша, сүйегі Алматының іргесінде, Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аумағында жатуы мүмкін. Өйткені ату жазасына бұйырылғандар осында қалай болса солай көмілген, – дейді Ибрахим атай.
Қария жетекшілік еткен экспедиция осы Жаңалықтан бір уыс топырақ алып келіпті. Ол ұлт ұстазының 1 қазанда өтетін тойында Сарытүбектегі халықтың күшімен тұрғызылған Ақаңның еңселі кесенесіне салынады.
– Осы экспедицияны сәтті үйлестіре білген белгілі журналист Нәзира Жәрімбетоваға «Саналы ұрпақ» қоғамдық қорына және Римма Бектұрғановаға алғыс айтамын. Ұзақ та қиын сапарда маған серік, сүйеу болған ақын балам Абылай Мауданов пен Қайрат Елеусізге де ризамын, – дейді ақсақал.
Ибрахим ақсақал алдағы уақытта ұлт ұстазының табаны тиген Шәуешек өңіріне барып қайтуды көздеп отыр.
Қостанай облысы