Қазақстандық режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» дебюттік толықметлі фильмі Oldenburg International Film Festival (Германия) кинофестивалінде жүлдеге ие болды.
Мәдениет және спорт министрлігі хабарлағандай, кинокартина қазылар алқасының арнайы сыйлығы – Spirit of Cinema («Кино рухы») аталымы бойынша марапатталды. Жүлде ретінде режиссерге қола мүсінше табысталды.
«Ағайындылар» – Ольденбург халықаралық кинофестивалінде көрсетілген алғашқы қазақстандық фильм. Сонымен қатар картина АҚШ, Канада, Ресей және Албаниядағы фестивалдердің ресми бағдарламаларына кірді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген фильм отандық прокатқа келесі жылдың басында шығады.
Айта кетейік, Oldenburg International Film Festival 14-18 қыркүйек аралығында өткен болатын.