Өткен аптада Бангкокта грек-рим күресінен кадеттер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Осынау құрлықтық сайыста Қазақстан құрамасының палуандары екі алтын, екі күміс және төрт қола медальды ұтып алды. Қос алтын медальдың бірін еншілеген атыраулық палуан Евгений Поливадов 69 килода төрт қарсыласынан да басым түсіп, Азия чемпионы атанды.
Сөйтіп, болашағынан үміт күттірген жас палуан Е.Поливадов Қытайда өтетін кадеттердің Олимпия ойындарына берілетін жолдаманы ұтып алды. Кадеттердің Олимпия ойындары тамыз айында өтеді.
Еске сала кетейік, атыраулық балуан бұған дейін Қазақстан чемпионатында жеңістің биік тұғырына көтерілген еді. Сонымен қатар, Олимпиада ойындарының жүлдегері, даңқты палуан Дәулет Тұрлыханов атындағы халықаралық турнирде де жеңімпаз атанып үлгерді. Айтқандай, Евгений Поливадовты өзінің әкесі, Азия чемпионатының жүлдегері Мейрамбек Тұрдалиев, Қазақстан чемпиондары Нұрлан Мұқанов, Талғат Қазиев және Фархад Ғимрановтай шеберлерді шыңдаған белгілі бапкер Александр Поливадов жаттықтырады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.