6 қазанда Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«6 қазанда Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осы кезеңде елдер теңдік пен сыйластық қағидаттарына негізделген сенімді және өзара тиімді ынтымақтастық орнатты. Астана мен Афина әлемдік саясаттың көптеген өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды ұстанады және әртүрлі халықаралық ұйымдар аясында бір-бірін белсенді түрде қолдайды», деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ведомствоның ресми өкілінің айтуынша, Қазақстан мен Грекия экономикалық саладағы қарым-қатынастарды дамытуға ерекше мән береді. Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді жүзеге асыру үшін Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сондай-ақ Қазақстан-Грекия Іскерлік кеңесі жұмыс істейді.
«Соңғы жылдары елдер арасындағы тауар айналымы қарқынды өсуде. Осы жылдың жеті айында ол 1 миллиард АҚШ долларынан сәл асады, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 40 пайызға артқанын көрсетеді», деді А.Смадияров.