Павлодар ауданында жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Жергілікті диқандар биыл жалпы көлемі 92,2 мың гектарға егін салған еді. Егіс танаптарының 4,8 мың гектары картоп және 3,4 мың гектары көкөніс түрлері. Қыркүйек айының жылдағыдан жылы болуы шаруалардың ала жаздай төгілген терінің жемісін төкпей-шашпай жинап алуына мүмкіндік беріп отыр.
Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Динара Досанованың мәліметінше, картоп егістіктерінің 81 пайызы жиналып, гектарынан орта есеппен 330 центнер өнім түсуде. Қазірдің өзінде 128,7 мың тонна картоп жиналған. Ал көкөністердің 88 пайызы алынып үлгерді. Сондай-ақ биыл жергілікті шаруалар алғашқы қар түскенде 13 мың гектардан майлы дақылдарды орады.
– Біздің өңір сапалы картоп және көкөніс түрлерімен танымал. Картоп өсірумен негізінен «Андас» ШҚ, «Асхат» ШҚ, «АgroCult» ЖШС, «Маяк» ШҚ, «Заря» ШҚ, «Родник» ШҚ, «АгроСоюз» ФҚ сияқты ірі шаруашылықтар айналысады. Өнімділік өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр. Соңғы жылдары суармалы танаптардың үлесі артып, бүгінде аудан бойынша 15 мың гектарды құрады. Суармалы жерлерде негізінен картоп пен көкөністер, сондай-ақ жемшөп өсіріледі. Жиын-терім науқанына өңір бойынша 2 565 бірлік ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылды. Ауданда егіншілікпен жалпы саны 158 шаруашылық айналысады. Негізі орақ кезеңінен күтілген жоспарлар өз межесіне жетуде. Диқандарымыз жеткілікті көлемде астық пен көкөніс, картоп жинайды, – дейді бөлім жетекшісі.
Айтып өтейік, биыл «Павлодар» ӘКК» АҚ-ның иелігіндегі тұрақтандыру қорына аталған өңірдің көкөніс өсірушілері жылдағыдай арзан бағаға картоп пен көкөніс түрлерін тапсырады. Қысқы уақытқа сақталатын өнімдер бойынша қазірдің өзінде «Андас» шаруа қожалығы 200 тонна сәбіз бен 1 мың тонна картоп, ал «Родник» шаруа қожалығы 50 тонна пияз бен 50 тонна қырыққабат жеткізуге меморандум жасасты.
Жалпы, биыл Ертіс өзені бойындағы фермерлер қырыққабат пен пияз танаптарын кеңейтіп, нәтижесінде өңіріміз көкөніс түрлерімен барынша қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Жыл басында облыс басшылығы жергілікті дүкен сөрелерін қыста өзіміздің қырыққабатпен қамту туралы тапсырма берген. Өткен қыс пен көктем айларында оңтүстіктен жеткізілетін көкөністің тым қымбат екендігін тұрғындар бірнеше мәрте мәселе етіп көтеріп, жергілікті шенеуніктер бұл түйткілді шешуге уәде еткен еді.
Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов биыл шамамен 14 мың тонна қырыққабат жиналатынын, бұл былтырғыдан 48 пайызға көп екенін, ал пияз 6 мың тоннадай болып қалатынын айтады. Нәтижесінде, пияз бойынша жергілікті сұраныстың 84 пайызы, қырыққабат бойынша 50 пайызы өтелмек.
Павлодар ауданында жаңадан көкөніс сақтау қоймаларын салу үрдісі де жақсы сақталып отыр. Облыстағы қоймалардың үштен бірі осы өңірге тиесілі. Черноярка алқабындағы суармалы жерлердің өнімі қысқы уақытқа сақтауға жарамсыз болғандықтан онда жиналып жатқан көкөніс пен картоп негізінен егіс басынан көтерме бағада сатылып кетеді.
Павлодар облысы