Қазіргі кезде ең өзекті тақырыптардың бірі – халықтың қаржылық сауатын арттыру жайы. Бұл ретте журналистерге артылатын міндет үлкен. Жұртшылықтың қаржылық сауатын көтеру үшін тілшінің өзі бұл саланың ұңғыл-шұңғылын тәуір білуі шарт. Осы орайда Jusan Bank пен Medialab коммуникация агенттігі бірлесіп игілікті шараны қолға алды.
«Банк және инвестиция саласындағы журналистика» тақырыбындағы тренингке еліміздің әр өңірінен қаржы, инвестиция, экономика тақырыбын қаузап жүрген 30-дан астам журналист жиналды. Екі күнге созылған тренингке банк өкілдері, журналистер, сарапшылар келіп, білгенімен бөлісті.
Атап айтқанда, іс-шараның алғашқы күнінде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекова, Jusan инвест корпоративтік қаржы департаментінің вице-президенті Ая Алдабергенова, Jusan инвест ірі клиенттермен жұмыс департаментінің вице-президенті Әйгерім Молдабекова және Forbes Kazakhstan журналы қазақ нұсқасының бас редакторы Бақытжан Бұқарбай арнайы дәріс оқыса, екінші күнде Jusan analytics редакторы Айбота Жаппарберген, Ұлттық банктің ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Асан Ахметжан және Lsm.kz бас редакторы Айнұр Каргалинова тың ақпараттарды алу, қаржы тақырыбындағы материалдарды жазудың қыр-сырын үйретті.
«Қаржының күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екені, оның әрбір отандасымыздың өмір сүру деңгейіне қалай ықпал ететіні бәрімізге мәлім. Дегенмен өз қаржысын дұрыс пайдаланып, ақшаны тек жұмсап қана қоймай, оны сақтап, көбейту жолдарын кез келген адам біле бермейді. Қаржы құралдары туралы ақпаратты қарапайым тілмен халыққа түсіндіріп, дұрыс бағыт беруде журналистермен бірге жұмыс істейтін болсақ, әрбір қазақстандық өз қаржысын еселей түсетініне кәміл сенемін. Журналистерді халық пен бизнес арасын жалғап тұрған алтын көпір деп білемін», деді «Jusan Bank» АҚ басқарма төрағасы Нұрдаулет Айдосов.