Мұғалжар ауданының соты мен прокуратурасы заманауи жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында атап көрсеткеніндей, заң алдындағы теңдік – құқықтық тәртіптің шын мәніндегі негізі болуы тиіс. Осы ретте құқық қорғау органдарына, нақтырақ айтқанда, әділеттілікті жүзеге асырушы сот жүйесіне, сондай-ақ, қадағалау органы ретінде прокуратураға ерекше назар аударылып отыр. Бұған дәлел – Мұғалжар ауданында заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін аудандық сот пен прокуратураның біріктірілген жаңа әкімшілік ғимаратының бой көтеруі болып табылады.
Бұл үш қабатты жаңа ғимарат Қандыағаш қаласының сәулетін аша түсуімен бірге, жергілікті тұрғындарға өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты мәселелерді шешуге қолайлы болды. Мұнда күту залдары, жоғары технологиялы қондырғылармен жабдықталған сот мәжілісінің залдары, сот қызметкерлеріне арналған жеке бөлмелер, сондай-ақ, мұрағат және кодификация орындары қарастырылған. Жалпы айтқанда, сот төрелігін жүзеге асыру үшін судьялар мен сот қызметкерлеріне қажетті барлық жағдайлар жасалған.
Жаңа ғимараттың салтанатты ашылуына Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Б.Бекназаров, Жоғарғы Сот аппаратының басшысы С.Испанов, Бас прокурордың орынбасары М.Исаев, облыс әкімі А.Мұхамбетов, облыстық соттың төрағасы Е.Айтжанов және сот жүйесі мен прокуратура органдарының ардагерлері қатысты.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Бектас Бекназаров Мұғалжар аудандық сотының төрағасы Сейфолла Тасымбетовке жаңа қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті. Салтанатты рәсімнің соңында қонақтар жас көшеттер отырғызды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.