Есеп комитетінде сыртқы мемлекеттік қаржы бақылау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда мемлекеттік қаржылық бақылаудың тиімді жүйесін құру бойынша жүргізілетін жұмыстардың сапалы орындалуы үшін қабылданатын шешімдер талқыланды.
Кеңес жұмысына Қаржы министрлігі өкілдері, Астана және Алматы қалалары тексеру комиссияларының төрағалары қатысты. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың халықаралық озық тәжірибесін қолдану туралы Елбасы тапсырмасына орай, мемлекеттік аудитті енгізудің тұжырымдамасы бекітілген болатын. Кеңес отырысына қатысқан облыстық комитет басшыларына сол тұжырымдаманың принциптері мен тәсілдерін әрі қарай дамыту мәселелері түсіндірілді. Сыртқы мемлекеттік қаржы бақылау органдары анықтайтын заңнама кемшіліктері мен бұзушылықтарына мониторинг жүргізу, бақылау нысандары бойынша бірыңғай ақпараттық дерекқорды жетілдіру жайы талқыланды. Жалпы, тексерудің қайталануын азайту, тексеріс барысында тек тәуекел дәрежесі жоғары нысандарды ғана қарастыру жайы сөз болды. Бұл үшін бақылау нысандары бойынша бұрыннан жұмыс атқарып келе жатқан бірыңғай ақпараттық дерекқорды жинап, соның негізінде мемлекеттік аудит жүргізу енгізілмек. Дерекқор негізінде сараптама жүргізіліп, тексерілуге міндетті тәуекел дәрежесі жоғары объектілер нысанаға алынатын болады. Мәслихаттарға есеп беретін, жергілікті бюджеттің атқарылуына сыртқы мемлекеттік қаржы бақылауды жүзеге асыратын тексеру комиссияларының проблемалы мәселелері де талқыланды. Олардың бағдарламалық құжаттарды іске асыруға бөлінген қаражатты жеткіліксіз қамтуы, бұзушылықтарды анықтаудың төмендігі, бюджетке өтеу көлемінің аздығы және қызметті автоматтандыру деңгейінің төмендігі атап өтілді.
Тексеру комиссиялары қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет мәселелері де ерекше назарда болды. «Алматы және Оңтүстік Қазақстан тексеру комиссиялары қызметкерлері істеген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактілері кең қоғамдық талқылауға түрткі болды», деді Есеп комитетінің төрағасы Қ.Жаңбыршин. Оның пікірінше, бұл өңірлердегі сыртқы мемлекеттік қаржы бақылау органдарының имиджіне нұқсан келтіреді. Ол тексеру комиссиялары төрағаларына қол астындағы қызметкерлердің іс-әрекеті үшін дербес жауап беретінін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған нақты іс-шаралар қабылдау қажеттілігін атап өтті.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан».