• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 04 Қазан, 2022

Сенатта Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

293 рет
көрсетілді

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Испанияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хорхе Урбиоламен кездесті, деп жазады Egemen.kz.

Сенатор өз сөзінде Қазақстан мен Испанияның стратегиялық әріптестігі деңгейінің жоғары екенін айта келіп, Астана мен Мадрид арасында екіжақты қатынастар мен халықаралық саясаттың барлық саласында өзара толық түсіністік қалыптасқанын атап өтті.

«Парламентаралық ынтымақтастық бойынша жақсы нәтижеге қол жетіп келеді. Қазақстан Парламентінің екі палатасында да Испаниямен ынтымақтастық жөніндегі топтар жұмыс істейді. Мен Сіздің еліңізбен ынтымақтастық жөніндегі Сенаттағы топтың жетекшісімін. Біздің депутаттар халықаралық ұйымдар, атап айтқанда, Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында испан әріптестерімен қарым-қатынасты дамытуға ниеттеніп отыр», деді депутат.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталып, алдағы кезектен тыс президенттік сайлау туралы хабардар етті. Ол елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар ел азаматтарын демократиялық трансформация идеясы төңірегінде біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Хорхе Урбиола өз кезегінде екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті және мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде Қазақстан өзін сенімді саяси және экономикалық әріптес ретінде көрсетіп келе жатқанын жеткізді.

Тараптар кездесу барысында Қазақстан мен ЕО-ның кеңейтілген әріптестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімді іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыстарды талқылады. Атап айтқанда, «жасыл» экономикаға көшу, сауда және инвестициялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, сондай-ақ климаттық өзгерістер сияқты бағыттардағы ынтымақтастықтың маңызы зор екені айтылды.