Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қыркүйек айында абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы жылдық мәнде 47,2%-ға өсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәселен, қыркүйекте тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалдау ақысының орташа бағасы 4 612 теңгені құрады, тамызда бұл баға 4 029 теңгеге тең болған.
Бұл ретте тұрғын үйді жалға алудың ең жоғары бағасы Алматыда тіркелген - 5 611 теңге/м2.
Сондай-ақ Астана және Ақтау қалаларында жоғары бағалар байқалады: тиісінше 4 485 тг/м2 және 3 253 тг/м2.
Жалға берілетін тұрғын үйдің ең төмен бағасы Қызылорда – 1 797 тг/м2, Тараз – 1 809 тт/м2 және Жезқазған – 1 845 тг/м2 қалаларында тіркелген.
Статистика хабарлағандай, бір айда Қостанайда абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бірден 42,6%-ға қымбаттады. Петропавлда да тұрғын үйді жалға алу бағасы 27%-ға өсті. Көшбасшылар үштігіне Қарағанды қаласы да кірді, онда бір айда тұрғын үйді жалға алу бағасы бірден 21%-ға өсті.
Сонымен қатар Түркістанда – 0,6%-ға, Талдықорғанда – 3,5%-ға, Шымкентте - 3,9%-ға және Қызылордада - 4,3%-ға жалға берілетін тұрғын үй бағасының шамалы өзгерістері байқалды.
Бұған дейін қыркүйек айында жылдық инфляция 17,7%-ды құрағаны хабарланған еді, тұтыну бағалары индексінің құрылымында бір жыл ішінде ақылы қызметтер 12,3%-ға қымбаттады.