Табиғат берген дара дарын иелеріне деген халық құрметі қашан да қалтқысыз. Осындай тұлғалар легінде әнші-сазгер Дәнеш Рақышевтың есімі де ерекше аталады. Әуезді әнімен туған елін тербеген жанның туған күні қарсаңында әнші атындағы №3 білім шаңырағында бір ай бойы оның өнерін дәріптеуге арналған “Әуелеп ұшқан ару ән” атты сазды бағдарлама қорытындыланды. “Сағындық, ата, даусыңды” бейнефильмін тамашалаған қауым Д.Рақышевтың орындауындағы ән сазымен тербелді.
Бір қызығарлығы, оқушылардың талант иесіне арналған “Бір үзік сыр” атты танымдық конференциясында оның кісілік келбетіне, дарыны мен шығармашылығына байланысты жұмыстарды тыңдарман қауым жоғары бағалады. Енді бір сәтте шәкірттер дарын иесіне арнаған жырларын оқыса, драма үйірмесінің мүшелері әншінің өмірінен көрініс қойды.
Мерекелік шарада әнші-сазгердің зайыбы Рахила апай, қызы Дәнегүл Дәнешке деген халқының қамқорлығына ризашылық білдіріп, әндерін насихаттаудағы алдағы мақсаттарын ортаға салды.
Күмісжан БАЙЖАН.
ФИЛАРМОНИЯ ҰЖЫМЫНЫҢ ЖАҢА ЖЕҢІСІ
Жетісу жері – дарынға бай. Сондықтан да болар, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның М.Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрі Ақтөбе қаласында өткен “Жұбанов көктемі” халықаралық халық аспаптар оркестрі мен ансамбльдер фестиваліне қатысып, бірінші орынды иеленіп қайтты.
Халықаралық өнер сайысына Мәскеу, Орынбор, Самара, Ташкент пен Астана, тағы басқа да алты облыстың өнер ұжымдары қатысып, ел мен жерді жалғаған рухани кеңістіктің бүгінгі табысын, халықтар арасындағы ұлы достықты паш етіп, еліміздің маңдайындағы жарық жұлдыздардың бірі, сырлы сазгер, музыка өнерінің майталманы Ахмет Жұбановтың бай мұрасын насихаттау мен ұрпаққа ұлағат ретінде ұсынуды мұрат етсе, мақсат орындалғаны.
Жетісулықтардың бай бағдарламасы көрермен көңілінен шығып, филармония ұжымы жаңа жеңісімен жігерленді.
Алматы облысы.
ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ АЛУАН ЭТНОС ТІЛДЕРІНДЕ
Тағдыр талайымен қазақ жерінен пана тапқан этнос өкілдері Қазақстанды өз Отаны санайды. Жақында Шымкенттегі Опера және балет театрында этнос өкілдері арасында “Күміс көмей” деген атпен халық әндерін орындаудан облыстық байқау өтті. Байқау шарты бойынша алдымен қазақ тілінде, сосын өз тілінде, халық әндерін орындағандар арасында мақтаралдық Макхамбай Құрбанов бас жүлдеге ие болды. Шымкенттік Шахиста Османова бірінші, арыстық Сансызбай Хасанов пен төлебилік Милана Кинзябулатова екінші орынды жеңіп алса, шымкенттік Неля Даниленко, Махмед Алиев пен түркістандық Шариф Исмаилов үшінші орынды еншіледі.
Бақтияр ТАЙЖАН, ШЫМКЕНТ.