• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қазан, 2022

Президент: Павлодар облысы – экономикамыздың энергетикалық жүрегі

174 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуін өңірдің тарихи келбеті мен бүгіні жайлы сөзбен бастады, деп жазады Egemen.kz.

«Абылайдың ақылшысы Бұхар жырау, ғұлама ойшыл Мәшһүр Жүсіп, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов осында дүниеге келген. Жаяу Мұса, Естай ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов сынды руханият саласының айтулы өкілдері осы өңірден шыққан. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Кемел Ақышев, Шапық Шөкин сияқты әйгілі ғалымдар – Ертіс бойының перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Баянауыл баурайы – тектілердің берекелі бесігі», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ аймақта «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқанын тілге тиек етті.

«Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндіріледі. Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейді. Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр», деді Президент.