• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 05 Қазан, 2022

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлық фактілері екі есе артқан

589 рет
көрсетілді

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сапар барысында жұмыс тобы Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. Отырыс Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етті.

Жиында жемқорлық себептерін анықтап, олардың алдын алу, тәуекелдерді жою және қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Іс-шара барысында Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауда ішкі талдау жұмыстарының маңыздылығы туралы айтты.

«Мемлекеттік органдарда жемқорлық тәуекелдерін талдаудың маңыздылығын түсіну керек. Талдау барысында қызметтің барлық бағыттарын қамти отырып, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша ұсынымдар енгізу қажет. 

Агенттік халықты толғандыратын, шешілмей келе жатқан проблемалық мәселелерді қамтитын Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Маңғыстау облысы бойынша медицина, жол және инфрақұрылым, жер, олигополия, экология салалары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген. Тәуекелдер картасына енгізілген салалар бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында белсенді азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің күш біріктіруі аса маңызды», деді Саян Ахметжанов.

Сондай-ақ, Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев өңірдегі жемқорлық көріністеріне тоқталды.

Ол «Өңірімізде биыл сыбайлас жемқорлық қылмыс саны екі есеге артқан. Қылмыс құрылымында парақорлықтың үлесі жылдан–жылға өсуде» деп атап өтті.

Бұдан бөлек, Департамент 3 сыртқы талдау жұмысын жүргізіп, бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаған. Сондай-ақ, қылмыстардың алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылықтар тәжірибесі негізінде 21 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 25 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Өз кезегінде, облыс әкімі құқықбұзушылықтардың алдын алу жөнінде айтты.

«Сыбайлас жемқорлыққа дейін жеткізбей, кез-келген заңсыз әрекеттердің алдын алу керек. Жемқорлық тәуекелдері байқалған жағдайда дер кезінде тоқтата білу тиіс. Бастысы - бюджет есебінен салынып жатқан объектілер сапалы тұрғызылып, олардың белгіленген мерзімде тапсырылуы, адамдардың ауыз сумен және сапалы жолмен қамтамасыз етілуі маңызды. Қазіргі таңда қоғамның мемлекеттік маңызды шешімдерге араласуы қажетті деңгейде орындалып жатыр. Әрбір мемлекеттік орган халықпен кері байланыс тетіктерін ұдайы жетілдіріп, жұртшылықпен тығыз қарым - қатынас жасауы тиіс», - деді Нұрлан Ноғаев.

Кеңес қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтылған ұсыныстарды ескеруді, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік маңызды проблемаларын уақытылы шешуді тапсырды.